Саран қаласында психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылды

Саран қаласында психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылды

Саран қаласында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған № 8 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылды. Ол бір мезгілде 50 балаға шақталған. 

Кешенді психологиялық-педагогикалық көмекке БМКК қорытындысы мен ұсынымдары негізінде және ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің келісімімен туғаннан бастап 18 жасқа дейінгі балалар жүгіне алады.

Түзету кабинеті № 9 арнайы мектеп-интернаттың ғимаратында орналасқан.

– Бүгінгі күні бізге психофизикалық дамуы бұзылған 15 бала жазылды, – деп хабарлады № 8 ППТК басшысы Құралай Құлмағамбетова. – Олар жеке жоспарлар мен кестелер бойынша айналысады. Бізде дефектолог, логопед, психолог, сенсорика кабинеті, ритмика, оқу кабинеттері, сондай-ақ әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау бөлмесі бар. Яғни, балалар күнделікті өмірге бейімделе алады және өзбетінше қимыл-қозғалысқа үйренеді. Бұрын ата-аналар оларды Қарағандыға апаратын, онда олар ақылы түрде айналысатын. Біздің орталықта олар барлық қызметтерді тегін ала алады.

Жаңа орталықта кедергісіз орта құрылды. Пандустар, тактильді жолдар, тұтқалар, ақпараттық тақтайшалар қарастырылған, табалдырықтар жоқ. Мамандар штаты 17 адамнан тұрады, түзету-дамыту сабақтарын ұйымдастыру үшін қажетті жабдықтар бар.

Түзету кабинетіне malahit24.kz порталы арқылы жазылуға болады.

Қағаз түрінде тіркелу үшін № 8 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің кеңсесіне жүгіну қажет (Саран қ., Жамбыл к-сі, 112).