
Осы жылдың соңына қарай Қарағанды-Балқаш жолын жөндеу жұмыстары аяқталып, жүргізушілер онымен кедергісіз жүре алады. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Қарағанды-Балқаш тас жолындағы жол-құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Күрделі жөндеу жұмыстары өткен жылы басталды. Жалпы алғанда, жолдың ұзындығы 363 шақырымды құрайды. Трасса үш ірі учаскеге бөлінген.
Ағымдағы жылдың соңында жаңа жабын төселген жолдың бойымен қозғалысты іске қосу жоспарлануда. Мұнда 297 су өткізу құбыры, 17 көпір, көлік айрығында екі жол өтпесі және ауыл шаруашылық техникасының өтуі үшін 33 жол өтпесі салынады.
Биылғы жылы жөндеу жұмыстары елімізде ТЖ режимі енгізілуіне байланысты кешіктіріліп басталды. Дегенмен мердігерлер жазғы уақытта жұмысты қарқындатып, қалыс қалған уақытты қуып жетуге уәде беріп отыр.
Жыл соңына дейін жөндеуді толығымен аяқтау көзделіп отыр. Келесі, 2021 жылы трассаны абаттандыру жұмыстары басталады, яғни жол бойында қоршаулар, жарық шамдары және басқа да нысандар орнатылады.
Қазір Қарағанды - Балқаш трассасының барлық учаскелерінде 900-ге жуық техника мен 1 800 жұмысшы жұмылдырылған.
Биылғы жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қарағанды облысында жол-құрылыс жұмыстарымен 800 шақырымнан астам жол қамтылады.
Премьер-министр жол-құрылыс жұмыстарының қарқынын күшейтуді тапсырды және құрылатын көлік инфрақұрылымының сапасын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Белгілі болғандай, Балқаш туризм саласындағы өсудің жаңа нүктесі болуы тиіс. Әлемдік турсараптама ішкі туризмді бірінші кезекте автомобиль көлігімен жүруді ыңғайлы етіп дамыту басымдылыққа ие екенін айтады. Демалыс орнына жету үшін көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.
Бүгінгі таңда курорттық аймақ жылына 80 мың турист қабылдауға дайын. 2025 жылға қарай тур аймақтар саны 5 есе, туристік ағым - 10 есе өсуі тиіс. 10 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Әуе айлағын да дамытудың маңызы зор. Асқар Мамин Балқаш әуежайына барып қайтты.
Сонымен қатар әуе айлағын да дамыту маңызды. Өткен жылы Балқашта жергілікті әуежайдың ұшу-қону жолағы пайдалануға берілді, соның арқасында 1-ші класты үлкен жүкті ұшақтарды жыл бойы және тәуліктің кез келген уақытында қабылдау мүмкіндігі пайда болды.
Әуежай ғимаратына келетін болсақ, ол 1967 жылы салынған. Қазір әуежай ғимаратын, рульдік жолды және перронды қайта жаңарту жоспарлануда.