
Нұра кентінің кәсіпкері тұрғындарға сапаржай салды. Енді жолаушылар автобустарын жылы және жайлы экопавильонда күте алады.

Ол ауылдың орталығында орналасқан және облысаралық және ауданаралық автобустарға қызмет көрсетеді.
– Аудан тұрғындарына арналған сапаржайды кәсіпкер салған. Бұл күн батареяларынан электр қуатын алатын, газбен жылытылатын, жылы едені бар экопавильон, – дейді Нұра ауданының ТКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұржан Оралбаев. – Тұрғындар енді автобустарды жайлы жағдайда күте алады, жақын жерде шағын дүкен, дәмхана бар. Бұрын автобустар бізге ауылға кірмейтін, жолаушыларды жолдан алып кететін. Жолға жету үшін адамдар такси жалдауға мәжбүр болды.

Жақын арада сапаржайда касса ашылады. Мұнда Қарағанды – Урожайный (Егінді), Қарағанды – Нұра (Осакаровка арқылы), Қайнар – Ізенді – Жараспай – Нұра –Астана қатынасымен автобустар тоқтайтын болады.