Шет ауданында Батыр Сазанбай Жетесұлына ескерткіш орнатылды

Шет ауданында Батыр Сазанбай Жетесұлына ескерткіш орнатылды

Шет ауданында қазақ батыры мен Абылай хан қолбасшысы Сазанбай Жетесұлына төрт метрлік ескерткіш орнатылды. Ол Үңірек ауылына кіре берістегі Кереге жайған шоқысында қойылды.

Оның авторы – елорданың танымал мүсіншісі Жахан Мейірбеков. Шебер ескерткішті жасауға шамамен жеті ай жұмсаған.

– Ескерткіш жасанды граниттен жасалған. Мен өзімнің шикізатым мен жақтау жасау технологиямды қолдандым. Ол үшін алдымен гранит плиталарын ұсақтағыштан өткізіп, ұсақтағаннан кейін шайырмен араластырдым. Ескерткіштің ішінде металл жақтау бар. Жұмыс елордадағы менің шеберханамда жүргізілді. Содан кейін біз ескерткішті Үңірекке жеткізіп, төбеде өз қолымызбен жинадық, – деді мүсінші.

Ескерткіштің биіктігі шамамен 3,7 метр. Тұғырдың биіктігі шамамен 90 см. Мүсіннің салмағы шамамен 1,5 тонна. Автордың айтуынша, батырдың бейнесін тасқа түсіру оңай болмаған.

– Кітаптарда, жарияланымдарда және монографияларда батырдың бейнесі жоқ. Оның сыртқы келбетін тек ұрпақтары ғана сипаттайды, – дейді Жахан Мейірбеков. – Батырдың келбетін жаңғырту үшін мен оның өмірбаянын зерттеп, ұрпақтарымен әңгімелесіп, көптеген әдебиеттерді ақтаруыма тура келді. Батырдың сыртқы келбеті, оның жылқысының бейнесі қайта жасалды. Мен батырдың дене бітімі өте үлкен екенін түсіндім, тұлпары да иесіне сай болды: қарапайым жылқы оны көтере алмас еді. Ескерткіш орнатылған кезде оның ұрпақтары бейнеге туыстарынын ұқсатып жатты.

Ескерткіштің ашылуына орай Үңірек ауылында дүбірлі мереке ұйымдастырылды. Мәдени бағдарлама ұлттық ойындармен алмасты. Спорттық жарыстардың жеңімпаздары арнайы сыйлықтар мен кубоктарға ие болды.

Батырға ескерткіш оның ұрпақтарының, жергілікті тұрғындардың бастамасымен және Шет ауданы әкімдігінің қолдауымен орнатылды.