
Қарағанды еріктілері Түркістан облысындағы су басып қалған ауылдарының тұрғындарына гуманитарлық көмектің алғашқы партиясын жіберді.
Түркістан облысының Мақтаарал ауданында техногендік сипаттағы ТЖ жарияланды. Елді мекендерді Өзбекстандағы су қоймасындағы бөгет жарылғаннан кейін су басып қалды. 30 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді.
- Зардап шеккендерге көмектесу – біздің парызымыз. Сондай-ақ, Saryarqa Jastary облыстық штабының еріктілері 2 мамырдан бастап су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинауды бастады. Бүгін біз оларға 2 тоннадан астам жүк жібереміз, - дейді Saryarqa Jastary еріктілер облыстық штабының өкілі Әлішер Самарбаев.
Оның айтуынша, бірінші қажеттіліктегі өнімдер мен гигиена құралдарынан гуманитарлық жүк жинауға «Лингва» шет тілдері колледжі мен кәсіпкерлер көмектесті. Бұл тек бірінші партия. Су апатынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау жалғасуда.
- Бұл көмекті біз үш күн ішінде жинай алдық. Біздің демеушілерімізге, сондай-ақ қарапайым адамдарға алғыс айтамыз. Қазіргі күрделі уақытта бір - бірімізге көмек көрсету, адамгершілікті сақтау және жақсылықты арттырудың маңызы өте зор, - деп атап өтті волонтер Сымбат Әубакірова.