Қарағандыда заманауи студенттік жатақхана ашылды

Қарағандыда заманауи студенттік жатақхана ашылды

Қарағанды облысында студенттік жатақханаларда орын тапшылығы проблемасы шешілуде. Қаланың орталығында болашақ дәрігерлер үшін жаңа студенттер үйі ашылды. Тоғыз қабатты ғимарат екі жыл ішінде салынды. Мұнда бәрі заманауи: интерьердегі жоғары технологиялық стиль, толық тұрмыстық жағдайлар, мультимедиялық жабдықтары бар оқу бөлмелері, спорт және музыка залдары және жайлылық үшін қажет басқа да көптеген заттар.

Қарағанды медицина университетінің жаңа жатақханасының ашылуымен құттықтау үшін Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният пен облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов келді.

- Мемлекет басшысының бастамасымен бүкіл ел бойынша студенттерге арналған жаңа жатақханалар салынуда. Біз сіздерге білімнің шыңына жетіп, кейін халыққа қызмет ету үшін қолайлы жағдай қамтамасыз етуге міндеттіміз. Бүгін біз барлық стандарттарға сай жаңа заманауи жатақхана ашып жатырмыз, - деді Ажар Ғиният.

Жергілікті билік жатақхана салуға қала орталығынан жер бөлді. Студенттер үйі көлік байланысы және әлеуметтік инфрақұрылымға қолжетімді жерде орналасқан. Құрылыс қаржы орталығының қолдауымен арнайы бағдарлама бойынша ЖОО қаражатына жүргізілді.

Жаңа жатақхана 400 студентті қабылдай алады. Барлық бөлмелер екі орынды, толық жиһаздалған, әрқайсысында душ және жуынатын бөлме қарастырылған. Сонымен қатар, әр қабатта ас үй және тұрмыстық бөлмелер, киім-кешек бөлмелері, демалыс орындары бар.

Қарағанды медицина университетінде бұл жетінші жатақхана. Академиялық жұмыс жөніндегі проректор Қуатбек Төлеубековтің айтуынша, биылғы жылы ЖОО-ның бірінші курсына 2000-ға жуық адам қабылданды, олардың жартысына жуығы жатақханаға мұқтаж. Жаңа ғимаратта орындар бөлінді, қазір қоныстану белсенді жүріп жатыр.

- Әрине, қуаныштымыз. Мен Қызылордаданмын, "Жалпы медицина" мамандығы бойынша оқимын. Бұған дейін басқа жатақханада тұрып келдім, енді осы жерде орын ұсынды. Жаңа жатақханада жағдай мүлдем басқаша: бәрі жаңа, жайлы. Біз демалып, сабаққа дайындала аламыз, - деп бөлісті үшінші курс студенті Нұрайым Қайратқызы.

Қарағанды облысында 8 ЖОО жұмыс істейді. 10 мың орындық 29 жатақхана бар. Медицина университеті 250 орындық жатақханалардың бірін қайта құруды жүзеге асырып жатыр. Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті 500 орындық жаңа жатақхана салады.