Қарағанды Достық Үйінде ҚР Конституциясы күні қарсаңында Мәжіліс пен облыстық мәслихат депутаттарының, ҮЕҰ өкілдерінің, сондай-ақ адам құқықтары жөніндегі уәкілдердің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды. Бірқатар ұсыныстар айтылды.
- Біздің кездесуіміздің тақырыбы әрқашан өзекті болып қала береді. Адам құқықтары - қоғамның ең жоғары құндылығы. Ел Конституциясы өзінің тиімділігін, демократиялығын және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталғандығын дәлелдеді. Бүгін біз алдағы міндеттер мен әлеуетті бағыттарды бірге белгілеу үшін жиналдық, - деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов.
Қоғам белсенділерінің пікірінше, қала мен ауыл тұрғындарының арасында құқықтық, цифрлық сауаттылық бойынша әлі де алшақтық бар. Мәселені арнайы сабақтар мен қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ету арқылы шешуге болады.
- Көбінесе ауылдардағы адамдар электрондық үкімет порталы арқылы онлайн қызметті қалай алуға болатынын білмейді. Бұл үшін аудан орталықтарына немесе қалаға барып, уақытын жұмсайды, - деп атап өтті "Шаңырақ" көпбалалы отбасыларды қолдау орталығының директоры, облыстық мәслихат депутаты Ләззат Қожахметова.
Сонымен қатар, экономикалық белсенділікті арттыру, әйелдердің өзін дамытуды жүзеге асыру мүмкіндігі, балалардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды.
Дөңгелек үстел соңында бірқатар қайраткерлерге белсенді азаматтық ұстанымы және өңірдің қоғамдық-саяси өміріне қатысқаны үшін алғыс хаттар табысталды.