Теміртау тұрғындарына бөліп төлеу арқылы газдандыру ұсынылды

Теміртау тұрғындарына бөліп төлеу арқылы газдандыру ұсынылды

Теміртауда жеке үйлерге газ қосу жеңілірек бола түспек. Меншік иелері бөліп төлеуді пайдалана алады. Пайызсыз несие бес жылға дейін беріледі.

- Биыл біз 100 үйге бөліп төлеу арқылы газ қосуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта 25 меншік иесі бұл мүмкіндікті пайдаланды, - деді Теміртау құрылыс бөлімінің басшысы Нұржас Жақытай.

Үйдің ауданы 120 шаршы метрден аспауы керек.

Өтінім беру үшін Теміртау қаласы, Чайковский көшесі, 22 мекенжайы бойынша тұрғын үй қорын жаңғырту орталығына жүгіну қажет. Байланыс телефоны: +7(7213) 907278.

Жылжымайтын мүлік нысанына құқық белгілейтін құжаттардың (жекешелендіру, айырбастау, сатып алу/сату шарты, заң бойынша мұра туралы куәлік және т.б.), жер учаскесіне актінің, жылжымайтын мүлік объектісіне техпаспорттың көшірмелері қажет болады. Сонымен қатар, жеке несиелік есеп және жеке тұлғаларға жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (жүктемелер) туралы ақпарат қажет болады (2-ші форма) - бұл құжаттарды Egov.kz арқылы алуға болады.

Техникалық шарттар Теміртау қ., Менделеев к-сі, 11 мекенжайы бойынша "Қаз ТрансГаз Аймақ" АҚ Қарағанды өндірістік филиалында тегін беріледі.

Теміртауда жекелеген санаттарға да газға қосылуға - газдандыру бойынша 130 АЕК-ке дейін шығындар өтеледі. Көмекті зейнеткерлер, көп балалы отбасылар және мүгедектігі бар адамдар пайдалана алады. Ол үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарласу қажет.

Теміртауда газдандыру 2019 жылы басталды. Бүгінгі таңда орталық газбен жабдықтау 1632 жеке сектор үйлеріне жеткізілді. Олардың 700-ге жуығы техникалық шарт алды, 650 үй көгілдір отын құбырларына қосылды.