Балқашта медициналық университетте оқуға гранттар бөлінді

Балқашта медициналық университетте оқуға гранттар бөлінді

Балқашта екінші жыл қатарынан дәрігерлердің жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін әлеуметтік жоба іске асырылуда. "Қоңырад" корпоративтік қорының қолдауымен Қарағанды медициналық университетінде оқуға гранттар беріледі. Биылғы жылы 12 үміткердің ішінен комиссия болашақ төрт студентті таңдады.

Грант иегерлері атанғандар: мектеп түлектері Ляйля Сиязбекова мен Диана Жазықбаева, медицина колледжінің түлектері Торғын Нұржан және Арида Нұрғалиева.

- Мен колледжді бітірдім, бірақ университетке түсе алмадым. Ал ата-анамның менің оқуыма ақы төлеуге мүмкіндігі жоқ. Мен жұмысқа тұрып, келесі жылға оқуға түсуге дайындалғым келді. Грант алу - дәрігер болу арманымды ертерек жүзеге асыру мүмкіндігі, - дейді Арида Нұрғалиева.

Байқау жеңімпаздарына сертификаттар табысталды. Олар "жалпы медицина" мамандығы бойынша оқитын болады. ЖОО-ны бітіргеннен кейін туған қаласына оралып, Балқаш қаласының денсаулық сақтау ұйымдарында кемінде бес жыл жұмыс істеуі тиіс.

Қордың қолдауымен медуниверситетте Балқаш қаласының бес оқушысы білім алып жатыр.