Қарағандыда өткен республикалық тамыз кеңесіне қатысушылар балалардың құқықтары туралы айтты

Қарағандыда өткен республикалық тамыз кеңесіне қатысушылар балалардың құқықтары туралы айтты

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Балалардың құқықтарын қорғау департаменттерін жандандыру қажет деп санайды. Өңір басшысы бұл ұсынысты білім беру қызметкерлерінің республикалық Тамыз кеңесі барысында айтты. Биыл бұл шара жаңа форматта өтуде. Әр өңірде педагогтар мен сарапшылар жеке тақырыпқа назар аударды. Қарағандыда балаларды қолдаудың тең мүмкіндіктерін құру талқыланды.

"Әділ Қазақстан: адал ұрпақ, сапалы білім, табысты ұлт" пленарлық отырысы онлайн режимде бір мезгілде еліміздің 20 өңірінде өтті. Содан кейін конференция өз тақырыптық бағыттары бойынша жергілікті жерлерде жалғасты.

Қарағанды қаласының Достық үйінде өткен кездесуге еліміздің түкпір-түкпірінен келген мұғалімдер, әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, ҚР Білім министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина, сондай-ақ халықаралық құқық қорғау ұйымдарының өкілдері қатысты.

- Балалардың құқықтарын қорғаумен көптеген ұйымдар айналысады. Орталықтар да, комиссиялар да, сот органдары да. Қазір біз олармен бірге жоба әзірлеп жатырмыз. Бірақ мұның бәрі үшін үйлестіруші орган қажет. Балалардың құқықтарын қорғау департаменттерін жандандыру қажет, - деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Мұғалімдер бұл идеяны қолдады.

- Бізде бір ғана маман бар. Біз тәулік бойы жұмыс істейміз, әр дабыл қоңырауына жауап береміз. Қызметкерлердің штатын ұлғайту қажет, бізде белгілі бір мәртебе болуы тиіс, - дейді ШҚО қатысушысы, қорғаншылық және қамқоршылық органының әдіскері Бақыт Мұхамадиева.

Қарағанды облысында баланың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдер жұмыс істейді, оларға ата-аналар да, балалардың өздері де жүгіне алады. Өңірде психологиялық сүйемелдеу орталығы жұмыс істейді: ол мектеп психологтарының жұмысын үйлестіреді, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсетеді.

Инклюзия, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін қолайлы орта құру мәселелері де назардан тыс қалмады.

 - Еліміздің төрт өңірінде ауыр психикалық бұзылулары бар балаларға арналған заманауи орталықтар ашылды. Ата-аналар балабақшадағыдай балаларды күндізгі топтарда қалдыра алады. Қарағанды облысында ол үшін ғимарат таңдалды. Бұл мемлекеттік орталық болады, онда бөлмелердің түсінен бастап жоғары білікті мамандарды іріктеуге дейін барлығы ескеріледі, - деді Омбудсмен Динара Закиева.

Жиында Ермағанбет Бөлекпаев бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету, мектеп автобустары паркін жаңарту, қосымша білім беруді дамыту, әлеуметтік қолдау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалып жатқан тағы басқа шаралар туралы айтып берді.