Қарағанды облысының тұрғындарына жылжымайтын мүлікке салық төлеу мерзімі туралы еске салынды

Қарағанды облысының тұрғындарына жылжымайтын мүлікке салық төлеу мерзімі туралы еске салынды

Қарағанды облысының тұрғындарына осы жылдың 1 қазанына дейін жылжымайтын мүлікке салық төлеу қажеттігі туралы еске салынды. Салық берешегінің бар-жоғын E-Salyq Azamat мобильді қосымшасы, www.kgd.gov.kz порталы арқылы, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларынан тексеруге болады.

21 тамыздағы жағдайға сәйкес Қарағанды облысы бойынша жеке тұлғалардың берешегі 988 миллион теңгені құрады. Оның ішінде көлік құралдарына салынатын салық бойынша – 960 миллион теңге.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының Қарағанды облысы бойынша орынбасары Қанат Ахметбеков айтып берді.

– Жылжымайтын мүлік пен жер учаскелерінің иелері мүлік салығын 1 қазанға дейін төлеуі тиіс, – деді Қанат Ахметбеков. – Сондай-ақ 15 қыркүйекке дейін 250.00 нысанындағы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсыру қажет. Биылғы жылы жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі шеңберінде бюджеттік ұйымдардың, квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері және олардың жұбайлары есеп береді.

Декларацияны kgd.gov.kz-те салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы, электрондық үкімет платформасы, сондай-ақ E-Salyq Azamat, eGov.mobile порталдары арқылы тапсыруға болады. Декларацияны уақтылы ұсынбағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 272-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.