
Нұраталды ауылдық округінің Қызылқой ауылының тұрғыны - бизнесін жаңа бастаған кәсіпкер аяқ киім цехын кеңейту үшін Шет ауданы әкімінің грантына ие болды. Жас кәсіпкер Shet brand сауда маркасымен былғары аяқ киім тігуді жолға қоймақшы.

32 жастағы Нұртілек Бектұрсынов Қызылқой ауылының тумасы. Білімі бойынша ол тігінші-сәнгер. Ұлттық киімдерді де, классикалық костюмдерді де оңай тіге алады. Бірнеше жыл бұрын ол аяқ киім тігу бизнесінің негіздерін үйренді. Әмбебап шебердің облыстың тігін өндірістерімен жұмыс істеу тәжірибесі бар, Қарағанды аяқ киім фабрикасымен және "Нұрасем" сән үйімен жұмыс істейді.

– Мен Көкшетаудағы колледжде оқыдым. Үнемі білім деңгейімді арттыруға тырысамын. Тіпті шетелге кәдесый ретінде алып кететін ұлттық шапандарды да, әртүрлі былғары аяқ киімдерді де тігемін. Жасай алатын өнімдердің ассортименті өте кең, – дейді Нұртілек. – Бірнеше жыл бұрын туған ауылыма оралып, үйде аяқ киім цехын аштым. Сондай-ақ, мен сұранысқа ие барлық нәрсені тігемін. Маған жұбайым мен анам көмектеседі. Егер үлкен тапсырыстар түссе, жергілікті тігіншілерді тартамын. Сондай-ақ аяқ киімді жөндеумен айналысамын.

Гранттар байқауына Нұртілек цехты кеңейту үшін қатысуға шешім қабылдады. Ол аяқ киім тігу көп шығынды қажет ететінін атап өтті.
– Мен нағыз былғарыдан аяқ киім тігемін. Маған қымбат жабдық қажет. Мен миллион теңге көлемінде грант ұтып алдым. Бірақ, шынымды айтсам, бұл ақша өндірісті кеңейту үшін жеткіліксіз, – деді кәсіпкер. – Облыс әкімінің грантына және басқа да мемлекеттік бағдарламаларға қатысуды жоспарлап отырмын. Менің жобам күрделі, өйткені біздің облыста, тіпті елде де аяқ йкиім тігетіндер аз. Негізінен нарықта импорт. Мен Shet brand маркалы желіні іске қосқым келеді.

Кәсіпкер кадр тапшылығын да алға тартады. Мәселені шешу үшін Нұртілек тілек білдірушілерге жеке оқыту жүргізуге дайын.
– Біздің колледждерде аяқ киім мамандарын оқытқанын қалаймын. Өйткені, бұл кадр тапшылығы мәселесін шешер еді. Өз кезегінде, цехты кеңейту кезінде, алдымен 10 адамға дейін жұмысқа алуға дайынмын. Қазірдің өзінде мен өз өнімдеріме қызығушылық танытатын үш ірі компаниямен ынтымақтастық туралы келісімшарттар жасадым. Бірақ олармен толыққанды жұмыс істеу үшін білікті мамандар мен заманауи жабдықтар қажет, – деді Нұртілек.
Жобаның келешегін Шет ауданының Жастар ресурстық орталығының басшысы Асхат Ахметов растайды.
– Мен Нұртілектің цехына барып, жұмысын көрдім. Конкурс жарияламас бұрын ауданның барлық шалғай ауылдарын аралап, жастарды барынша хабардар еттік. Байқауға барлығы 20-дан астам өтінім беріліп, 12 адам грант алды, – дейді Асхат Ахметов. – Егер бұрын үміткерлердің көпшілігі аудан орталығынан болса, биыл барлық округтерден келген жас кәсіпкерлер қатысты. Комиссия құрамында мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, бизнес-жоспарларға кәсіби баға берген жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер де болды.