
Өрт болған "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Көмір департаментінің "Қазақстан" шахтасында апаттық учаске гипс көпірлер салу арқылы оқшауланатын болады. Бұл туралы ҚР ТЖМ хабарлады.

"22 тамызда сағат 08:00-дегі жағдай бойынша авариялық қазбада өрт ошақтарының қарқындылығы төмендемеді, жағдай жақсарған жоқ. Өртті ауыздықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осыған байланысты КӘАҚҚ РШО – шахтадағы апатты жою бойынша штабтың басшылығы гипстен көпірлер салу арқылы апаттық учаскені оқшаулау туралы шешім қабылдады", – делінген ведомствоның хабарламасында.
Көпірлерді салу орындары анықталып, материалдарды жеткізу басталды.
Естеріңізге сала кетейік, 17 тамызда сағат 10:05-те Д6 көмір көлбеуін (көкжиек – 170 м) қазуда конвейер таспасының өртенуі орын алды. Апатты жою жоспары енгізілді. Оқиға болған кезде жер астында 227 адам болды, оның 222-сі жер бетіне көтерілді.
ТЖ салдарынан бес адам қаза тапты. Ауруханада 13 зардап шеккен адам емделуде.
Апатты тергеу жөніндегі арнайы комиссия құрылды, оның құрамына барлық жауапты мемлекеттік органдар кірді. Сондай-ақ, апат фактісі бойынша ҚР ҚК 277-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды ("Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу").