Агроном және бухгалтер Еңбек ұтқырлығы бағдарламасы бойынша Нұра ауданына көшті

Агроном және бухгалтер Еңбек ұтқырлығы бағдарламасы бойынша Нұра ауданына көшті

Қызылорда облысының тумалары Нұрдәулет Қалдыбекұлы мен Гүлназ Қуанышова Нұра ауданының Көбетей ауылына қоныс аударды. Жас жұбайлар ауылда жұмыс тауып қана қоймай, жақын арада өңіраралық еңбек ұтқырлығы бағдарламасының арқасында қоныс тойын атап өтеді.

Нұрдәулет агроном мамандығы бойынша С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін бітірген. Гүлназ – бухгалтер. Көбетей ауылына көшіп келген жас жұбайлар бірден жұмыс тапты.

– Екеуміз де елордада оқыдық, бірақ менің мамандығыммен жұмыс табу қиын, сондықтан Нұра ауданына көшуді ұйғардық. Ол Астанаға жақын, ауданның агроөнеркәсіптік әлеуеті зор, – дейді отағасы. – Келгеннен кейін екеуміз де "Черниговский" ЖШС-не жұмысқа орналастық. Жақында сәбилі болдық.

Әзірге жас отбасына қызметтік баспана берілді. "Оңтүстік-Солтүстік" өңіраралық еңбек ұтқырлығы бағдарламасы аясында олар көшуге материалдық көмек алды. Сондай-ақ жақын арада экономикалық ұтқырлық сертификатын алады, ол тұрғын үй салуға немесе сатып алуға 4 миллион теңге мөлшерінде біржолғы төлемді көздейді.

– Біз үй сатып аламыз. Бұл сертификат біз үшін үлкен көмек, өйткені жас отбасына үй боп кету оңай емес. Өкінішке орай, бұл қоныс аудару бағдарламасы туралы бәрі бірдей біле бермейді. Бұл мемлекет тарапынан өте жақсы көмек, – деп атап өтті Нұрдәулет Қалдыбекұлы.

Биылғы жылы Нұра ауданына "Оңтүстік-Солтүстік" өңіраралық еңбек ұтқырлығы бағдарламасы бойынша төрт отбасы көшіп келді. Аудан тағы төрт адамнан тұратын отбасын қабылдауға дайын.