Қауіпсіз қала: қарағандылықтардан ашық құдықтар мен ойын алаңдарындағы ақаулардың суретін жіберуді сұрайды

Қауіпсіз қала: қарағандылықтардан ашық құдықтар мен ойын алаңдарындағы ақаулардың суретін жіберуді сұрайды

Қарағанды облысында "Қауіпсіз қала" акциясы өтуде. Тамыз айының соңына дейін еріктілер, ТЖ қызметкерлері және AMANAT партиясының өкілдері балалар ойын алаңдарының қауіпсіздігін, жеке сектор үйлеріндегі көміртегі тотығы датчиктерінің жай-күйін тексереді, ашық люктерді анықтайды.

Акция AMANAT партиясының "Бақытты отбасы" жобасы аясында ұйымдастырылып, "Жастар Рухы" жастар қанатымен, сондай-ақ облыстық төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп өткізіледі. Аулаларды аралауға Қарағанды облысының қалалары мен аудандарының жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері де қатысады.

– Бұл жыл сайынғы профилактикалық акция. Ол Қарағандыда басталып кетті. Бүгін оған басқа қалалар мен аудандар қосылады. Қатысушылар барлық аулаларды, алаңдарды және проблемалық учаскелерді бақылайтын болады, – деп атап өтті "Жастар Рухы" Жастар қанатының Қарағанды облыстық филиалының кеңесшісі Арафат Мәжитов.

Науқан аяқталғаннан кейін проблемаларды жою жөнінде шаралар қабылданатын болады.

Кез келген адам өз қаласын немесе ауданын қауіпсіз етуге ат салыса алады. Ол үшін еріктілер WhatsApp 8-708-968-80-58 нөміріне балалар ойын алаңдарында ашық люктердің немесе ақаулардың суреттерін жібере алады. Науқан тамыз айының соңына дейін жалғасады.