Нұра ауданының үш ауылында жаңа су құбыры желілері салынуда

Нұра ауданының үш ауылында жаңа су құбыры желілері салынуда

Нұра ауданының Жараспай, Құланөтпес және Изенді ауылдарында су құбыры желілерін салу және реконструкциялау жұмыстары жалғасуда. Бұл шамамен бір жарым мың тұтынушыны ауыз сумен қамтамасыз етуге қауқарлы. 

Жараспай ауылында су құбыры желілері мен суды тұщы ететін қондырғыларды қайта құру маусым айында басталған болатын.

– Жараспай ауылындағы су құбыры желілері 70% -ға тозған. Суды тұщыландыратын станциясының да жағдайы нашар. Сондықтан қайта жөндеу жұмыстары қажет болды. Бүгінгі таңда мердігер 6 шақырымнан астам құбыр тартып, 60-тан астам құдық орнатты. Барлығы 8 км-ден астам құбыр тұтынушылардың жер учаскелерінің шекарасына дейін тартылатын болады. Жараспайда 599 адам тұрады, – деді Нұра ауданы құрылыс бөлімінің бас маманы Денис Колчин.

Құланөтпесте орталық сумен жабдықтау ешқашан болмаған.  Ауылда 236 адам тұрады. Олар үшін мердігер компания жалпы ұзындығы 15,7 шақырым болатын жаңа желілер салады.

– Жұмыс шілде айында басталды. Бүгінгі таңда мердігер 4 км – ден астам желіні тартып үлгерді, – дейді Денис Колчин. – Сондай-ақ, жоба арқылы сорғы станциясы салынады.

Изенді ауылында су құбырлары желілерін қайта құру жалғасуда. Жаңа ұңғыма салу жоспарланған.

Бүгінгі таңда 3 шақырымнан астам құбыр төселді, жұмыстар 50% орындалды.

Қайта жаңартылатын желілердің жалпы ұзындығы – 10,8 шақырым. Елді мекенде 652 адам тұрады.