
Қарағанды облысында "Сұңқар" табиғатты қорғау акциясы кезінде браконьерлермен күресу үшін күшейтілген патрульдеу және мобильдік блокпосттар ұйымдастырылды. Ол 15 тамызға дейін жалғасады.
Жыл сайынғы "Сұңқар" табиғатты қорғау акциясы ителгі сұңқарларының ұя салатын жерлерге қоныс аударуы кезінде браконьерлікті анықтауға және жолын кесуге бағытталған. Қарағанды облысында блокпосттар мен күшейтілген патрульдеу Ақтоғай, Шет және Нұра аудандарында ұйымдастырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте "Охотзоопром" РМК Орталық өңірлік филиалы басшысының орынбасары Жанат Рахымбеков айтып берді.
– "Сұңқар" кең ауқымды акциясы 1 тамызда басталды. Акция кезеңінде Қарағанды және Ұлытау облыстарының аумағында 20 инспектор мен сегіз бірлік жоғары өтімді техника жұмылдырылады, – дейді Жанат Рахымбеков. – Қазір Қарағанды облысының аумағында табиғат қорғау заңнамасын бұзушылықтарға жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда мобильді блокпосттар қойылды. Бұзушылық фактілері әлі анықталған жоқ.
Орнитологтардың мәліметінше, бүгінгі таңда елімізде ителгі сұңқарларының саны азайған. Көбінесе олар климаттық өзгерістерден өледі, жоғары вольтты электр желілерінде электр соққыларын алады немесе химиялық тыңайтқыштарды шашу кезінде уланады. Тағы бір себеп – заңсыз аулау.
Қарағанды облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Абзал Балтабаев құстар популяциясын ұлғайту үшін қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.
– Біріккен Араб Әмірліктері мен Қазақстан Республикасының осы түрдегі құстарды қорғауға, сондай-ақ олардың табиғи популяциясын ұлғайту үшін жағдай жасауға бағытталған үкіметтік бағдарламасы шеңберінде әр көктемде сұңқарларды табиғатқа шығару жүзеге асырылады. Мәселен, 2021 жылы Қарағанды облысының аумағында 86, 2022 жылы – 80, 2023 жылы – 52 құс шығарылды, оның ішінде 23 перегрин сұңқар, 29 ителгі, – деді Абзал Балтабаев.
Шет ауданында 2021 жылдан бастап "Самұрық" жыртқыш құстарды өсіру, бақылау және оңалту орталығы жұмыс істейді. Орталық қызметкерлері торда жыртқыш құстардың көбеюіне қолайлы жағдай жасайды, жыртқыш құстарды өсіру, оңалту және реинтродукциялау әдістерін жетілдіру бойынша ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргізеді. Зоология институтымен бірлесіп, орталық мамандары Бетпақдала аумағында құсбегілерде өсірілген сұңқарларды енгізу бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге ниетті. Бүгінгі таңда орталықтың аналық саны 62 құсты құрайды.
Естеріңізге сала кетейік, сұңқарлар Қазақстанның Қызыл кітабына және халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл кітабына енгізілген. Сондықтан ителгілер мен олардың балапандарын шекара арқылы өткізу Қазақстандағы СИТЕС әкімшілік органының рұқсаты болған жағдайда ғана мүмкін болады.