
1 тамыздан бастап "Жақсылық жаса!" ұранымен "Мектепке жол" жалпыұлттық акциясы басталды. Қарағанды облысының білім басқармасы аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға жаңа оқу жылына дайындалуға көмектесу үшін тұрғындарды осы шараға қатысуға шақырады.
"Біз облыстың барлық жанашыр тұрғындарын, кәсіпкерлер мен меценаттарды акцияға қатысуға және балаларға көмек көрсетуде азаматтық белсенділік танытуға шақырамыз. Біз біріге отырып олардың мектепке барар жолын қуанышты және табысты ете аламыз! Балалардың барлығы оқу жылын оң қадаммен бастауы үшін тең мүмкіндіктерге ие болуы маңызды. Егер сұрақтар немесе ұсыныстар болса, жедел желіге 25-25-02 және 41-22-88 телефондары арқылы қоңырау шалуға болады", – деп хабарлады Қарағанды облысының білім басқармасы.
Оқу жылына дайындалуға көрсетілетін көмек әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, белгілі бір оқушыға арналған заттар мен оқу құралдарын сатып алуға болады (деректерді кез-келген мектепте алуға болады), қол жетімді бағамен мектеп жәрмеңкелерін ұйымдастыруға қатысуға және т. б. үлес қосуға болады.
"Мектепке жол" акциясы 30 қыркүйекке дейін жалғасады.

Білім басқармасында "Жалпыға бірдей білім беру" Қорының көмегі туралы да айтылды. Бұл материалдық көмек АӘК алатын отбасылардың, жан басына шаққандағы орташа табысы төмен (ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен) отбасылардың балаларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ төтенше жағдайлар салдарынан көмекке мұқтаж отбасылардың балаларына, алқалы органның шешімімен мұқтаждар тізіміне енгізілген балаларға арналған.
Қаражат карточкалық шотқа аударылады. Ата-аналар балаларымен бірге мектеп формасын, аяқ киімді, кеңсе тауарларын және басқаларын өздері таңдай алады.
Биыл ақшалай көмек мөлшері 40 567 теңгені құрайды. Бүгінгі таңда облыстан "Жалпыға бірдей білім беру" қорына 5695 өтінім келіп түсті.