
Саяжайлар иелері өз бақшаларына электронды рұқсаттамасыз уақытша жүре алады. Мұндай шешім мәліметтерді propusk.kz бірыңғай базасына енгізу қиындық туындатуына байланысты қабылданды.
Бағбаншылар тиісті есепке алу жүйесін әзірлегенге дейін рұқсаттамасыз жүре алады.
- Көптеген саяжай иелері - зейнеткерлер, оларға интернетті және заманауи механизмдерді пайдалану қиын. Сондай-ақ, көбісі саяжай учаскелерін жалдайды, ал кейбіреулерінде өз учаскелеріне тиісті құжаттары жоқ. Сондықтан да біз уақытша рұқсаттарсыз жол жүруге рұқсат етуді шештік, - деп түсіндірді Ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және мұрағаттар басқармасының басшысы Рустам Байжанов.
Қалған жағдайда саяжай учаскелеріне жол жүру ережелері өзгертілмеді. Саяжайда балаларды қоса алғанда, бір отбасынан бес адамнан артық болмауы тиіс. Учаскеге жеке көлікпен де, автобустармен де жетуге болады. Олар 07.00-ден 10.00-ге дейін және 17.00-ден 20.00-ге дейін жүреді.
Саяжай учаскелеріне Теміртау қаласынан басқа Қарағанды облысының барлық қалалары мен аудандарының тұрғындарына кіруге рұқсат берілген.