
Қарағанды облысында 3732 мүгедек адам спортпен шұғылданады, оның ішінде 1440 бала. Облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте бұқаралық спортты дамыту және оның мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділігі туралы әңгіме қозғалды.

– Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтендіру үшін спорт саласында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Ең танымал спорт түрлерінің бірі – жүзу. Облыста өткен жылдан бастап аутизммен ауыратын балаларды жүзумен қамту бойынша Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс іске асырылуда. Жаттығу өңірдің жеті бассейнінде өтеді, – дейді Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев. – Алайда облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі жандарға спорт нысандары, әсіресе бассейндер жетіспейді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бассейні бар шағын спортзал салу мәселесін қарастыруды сұраймыз.

Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев бұл ұсынысты қолдады.
– Жеке бассейн ашу туралы ойлану керек. Орын бар. Мүгедек балаларды спортпен қамту көрсеткіші төмен. Сондай-ақ, бұл балалар қалалық ортада ерекше қолдауды қажет етеді. Мысалы, саябақта ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған бірде-бір алаң жоқ. Мүмкіндігінше әр саябақта осындай балалар үшін шағын орын жасау керек. Бұл мәселелерді мүмкіндігінше тезірек шешу қажет. Спорт басқармасы қалалар мен аудандардың әкімдерімен бірлесіп мүгедек балаларға арналған әлеуметтік жобаларға қаражат бөлу мәселесін қарауы қажет, – деп тапсырды Ермағанбет Бөлекпаев.

Өңірде жастарды спортқа тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдерді спорт секцияларымен қамту үшін облыста жан басына шаққандағы қаржыландыру бойынша мемлекеттік тапсырыс іске асырылуда. Спорттың 23 түрі бойынша 175 спорт секциясы ашылды, 10 443 бала тегін айналысады.

Бұқаралық спорт саласында облыста 430 мыңнан астам адамды қамтитын 1196 дене шынықтыру-спорт ұйымдары жұмыс істейді.