Бұқар жырау ауданында "Сарыарқа – ұлы дала ойындары" фестивалінің III кезеңінің жеңімпаздары анықталды

Бұқар жырау ауданында "Сарыарқа – ұлы дала ойындары" фестивалінің III кезеңінің жеңімпаздары анықталды

Бұқар жырау ауданы Ботақара ауылында ұлттық спорт түрлері бойынша "Сарыарқа – ұлы дала ойындары" фестивалінің III кезеңі өтті. Жарысқа облыстың бес ауданынан – Нұра, Осакаров, Бұқар жырау, Қарқаралы және Шет аудандарынан 14 команда қатысты.

– Біздің ауданда ұлттық спорт түрлері белсенді дамып келеді – көкпар, жамбы ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату. Жастар арасында жарыстар үнемі өткізіліп тұрады. Бұл ұлттық дәстүрлерді сақтауға, денсаулықты нығайтуға, спорттық шеберлікті шыңдауға мүмкіндік беретіні сөзсіз, – деді Бұқар жырау ауданының әкімі Абылай Сұлтанғали.

Фестиваль қатысушылары көкпар, арқан тарту, дәстүрлі садақ ату, аударыспақ, қой көтеру сияқты түрлерден бақ сынасты.

Көкпарда екі лигаға 14 команда қатысты. Жоғары лигада Қарқаралы ауданының "Жанәлі" командасы үздік деп танылды. Бірінші лигада Бұқар жырау ауданының "Бабай" командасы жеңіске жетті.

Аударыспақ үш салмақ дәрежесінде өтті: 62, 82 және 82+ кг. 82+ кг санатында Дархан Көрпебаев (Бұқар Жырау ауданы), Темірлан Тілеубек (Шет ауданы) және Азамат Жаркен (Нұра ауданы) үздік деп танылды. 82 келі салмақ дәрежесінде жүлделі орындарға Ержанат Тайжанов (Нұра ауданы), Әнуар Жаңбырбай (Шет ауданы) және Мұхтархан Серғазиев (Бұқар жырау ауданы) ие болды. 62 келіде Дияс Серғазиев (Бұқар жырау ауданы), Шыңғыс Төлеуов (Шет ауданы) және Сағат Қайыпов (Шет ауданы) жеңімпаз атанды.

Садақ атуда 30 қатысушы бақ сынады. Жеңімпаз Шет ауданынан Нұрбол Жеңісов болды. Екінші орынды қарағандылық Надежда Кефер, ал үшінші орынды Қарқаралы ауданынан Әсет Омаров жеңіп алды.

Арқан тартыста барлық жүлделі орындар Бұқар жырау ауданының әйелдер командаларында, ал ерлер арасында бірінші орында қарағандылықтар (Әл-Машани мешіті), екінші және үшінші орында Бұқар жырау ауданының өкілдері болды.

Қой көтеру жарысында Бұқар жырау ауданы Тоғызқұдық ауылының тұрғыны Олжас Торбаев үздік нәтиже көрсетті.

Фестиваль қатысушылары мен қонақтары үшін концерттік бағдарлама мен киіз үйлер дайындалды.

Естеріңізге сала кетейік, фестивальдің бірінші және екінші кезеңдері Қарқаралы және Нұра аудандарында өтті. Төртінші кезең Шет ауданында өтеді, содан кейін қыркүйек айында Қарағандыда жабылады деп жоспарлануда.