Қарағандыдағы Е. А. Бөкетов атындағы университет ғылыми технопарк салуда

Қарағандыдағы Е. А. Бөкетов атындағы университет ғылыми технопарк салуда

Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің аумағында ғылыми технопарк салынуда. Жаңа ғимаратта іргелі, қолданбалы және тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерді іске асыру үшін заманауи зертханалар мен зерттеу орталықтары ашылады.

Технопарк базасында студенттер, магистранттар және PhD докторанттар заманауи жабдықтар мен аспаптарда оқудан өтеді, сондай-ақ дипломдық жұмыстары мен жобаларын орындай отырып, зерттеу практикасын жүргізеді.

– Біздің студенттер, магистранттар мен докторанттар контингенті жыл сайын өсіп келеді. Төрт мыңнан астам адам жаратылыстану-ғылыми және техникалық мамандықтарда оқиды. Университет заманауи оқу-зерттеу зертханаларына деген қажеттілікті сезінуде. КЕАҚ-қа ауысуына байланысты университет технопарктер ашу құқығын алды. Бұл ғылыми жобаларды коммерцияландыру үшін қажетті шарт. Технопарктің ашылуы ғалымдардың қолданбалы жобаларын іске асыру үшін алаң құруға мүмкіндік береді, – дейді Е. А. Бөкетов атындағы ҚарУ әкімшілік-шаруашылық қызметі жөніндегі проректоры Асылбек Молдабаев. 

Құрылыс университеттің өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Бұл мақсатқа 485 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.

Кең екі қабатты ғимараттың бірінші қабатында тәжірибелік-эксперименттік база орналасады.

Инженерлік профиль зертханасы судың, топырақтың және мұнай өнімдерінің физика-химиялық сынамаларына арналған. Күн батареяларын, жарықдиодты шамдарды, әртүрлі морфологиялық өлшеу датчиктерін және материал құрылымын әзірлеу иондық-плазмалық технологиялар ғылыми-зерттеу орталығында жүргізіледі.

Техникалық, санитарлық және әкімшілік үй-жайлардан басқа ғимаратта конференц-зал, стартап-жобаларға арналған кеңселер және робототехника зертханасы ашылады.

Құрылысты 2024 жылы аяқтау жоспарлануда.