
Қарағандыда Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақ КСР баспасөзінің үздігі, Қарағанды қаласы мен Шет ауданының Құрметті азаматы Мәлік Имашевке ескерткіш тақта орнатылды.

Ескерткіш тақта Абай көшесіндегі № 2 үйдің қабырғасына орнатылды. Мұнда Мәлік Имашев 20 жылдан астам уақыт басқарған полиграфия орналасқан.

– Біздің еліміздің дамуын қамтамасыз ету үшін өз күштерін сарп етіп, білімдерімен бөліскендерді бәріміз есте сақтауымыз өте маңызды. Қарағанды облысының, қаламыздың алғашқы құрылысшыларының бірі Мәлік Имашев болды. Ол ҰОС ардагері, соғыс жылдарында ұшқыш болған. Отанға оралып, оқуын тәмамдап, партия органдарында жұмыс істеді, 20 жылдан астам уақыт полиграфияны басқарды. Және де ол оны алдыңғы қатарға шығарды. Оған одақтас республикалардан тәжірибе жинауға келді, – деді өңір әкімінің мәдениет жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, Қарағанды облысы мен Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Рымбала Омарбекова.

Мәлік Имашев 1922 жылы 22 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Катон - Қарағай ауылында дүниеге келген. 1942 жылы Талдықорған оқу-жаттығу эскадрильясынан кейін майданға жіберілді. Батыс, Брянск, 1, 2 және 3-ші Беларусь және 1-ші Балтық майдандарында соғысқан. Мәлік Имашевтің марапаттары арасында Қызыл Жұлдыз ордені, екі Еңбек Қызыл Ту ордені бар.

1949 жылы партия мектебіне түсіп, оны бітіргеннен кейін Қарағандыға жіберіліп, өз өмірін қаламызбен және облысымызбен мәңгілікке байланыстырды. Зейнеткер бола тұра, Қарағанды "Шахтер" футбол клубының бұрынғы даңқын жандандыруға көп күш пен қуат жұмсаған – ФК корпоративтік қорының директоры болды.

– Әкем Қарағанды үшін көп жұмыс жасады. Мысалы, 90-шы жылдары "Шахтер" стадионын жекешелендіруге жол бермеді. Ол қаржы тапшылығына байланысты таратылғалы тұрған футбол командасын сақтап қалды, – деп атап өтті Мәлік Имашевтің үлкен ұлы Валерий Имашев.
