
Қарағанды қаласының орталық саябағы «Қазақстанның үздік тауары – 2023» жыл сайынғы өңірлік көрме-байқауының қорытындысын шығару алаңына айналды. Өз өнімдерін Қарағанды облысының 90 ірі және шағын кәсіпорындары ұсынды.

Іс-шараны ұйымдастырушылар – Қарағанды облысының әкімдігі және өңірлік Кәсіпкерлер Палатасы.

Көрме-байқау дәстүр бойынша жәрмеңке форматында өтті. Келушілер жергілікті тауарлардың сапасын бағалап қана қоймай, өздеріне ұнайтындарын да сатып ала алды.

Өнімдер халық тұтынатын тауарлардан бастап ауыр өнеркәсіп өнімдеріне дейін кез келген талғамды қанағаттандыра алды.

Сонымен қатар, көрмеге қатысушылар өз тауарларын сатып, әлеуетті бизнес-серіктестермен және жеткізушілермен жаңа іскерлік таныстық орната алды.

Altyn Ornek компаниясы мен «Баршын білек» ЖК-нің ұлттық нақыштағы киім дефилесі өтті.



Көрме-байқауға қатысушылар мен қонақтар үшін қаланың шығармашылық ұжымдары концерттік нөмірлер ұйымдастырып, өнер көрсетті.

Сапа саласындағы жетістіктері үшін арнайы сыйлықты Қарағанды облысының әкімі тағайындады. Бұл жолы жүлде иесі «Сантехпром» компаниясы болды. Бүгінгі таңда бұл күнделікті өмірде кеңінен қолданылатын санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын ең ірі зауыт. Жоғары технологиялық кәсіпорын – Орталық Азиядағы осындай өнімдерді шығаратын жалғыз кәсіпорын.

Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов байқаудың барлық қатысушылардың бизнестеріне сәттілік тіледі.
– «Қазақстанның үздік тауары» көрмесіне белсенді қатысқаны үшін өндірушілерімізге алғыс айтамыз. Сапалы өнім шығарғаны және біздің өңірді лайықты көрсеткендеріңіз үшін рахмет. Сіздердің күш-жігеріңіздің, еңбектеріңіздің арқасында бұл іс-шара өтті. Көрменің барлық қатысушылары мен келушілеріне істің дамуына сәттілік тілейміз! – деді ол.

Содан кейін үш номинацияның әрқайсысында үш жеңімпаздың есімдерін сараптамалық комиссия жариялады.

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында «Drive Industry» ЖШС, «Kaz-Metiz» ЖШС және «Бемер Арматура» ЖШС өз бәсекелестерін айналып өтті.
«Kaz-Metiz» ЖШС биыл өзінің 15 жылдығын атап өтуде, осы уақыт ішінде компания шығарылатын өнім көлемін екі есеге арттырды.

– Біздің компания 2008 жылы құрылған, біз арматуралық сым өндіруден бастадық. Өнімнің ассортименті мен көлемі біртіндеп кеңейе түсті. Енді біз мырышталған сым, электр желілері, тіректер, тау-кен арқан және т. б. жасаймыз. Дайын өнім көлемі – жылына 32 000 тоннаны құрайды. Біз тек Қазақстан бойынша ғана емес, Өзбекстанға, Ресейге, Польшаға экспорттаймыз. Экспорт нарығын кеңейту жоспарлануда. Қазір зауытта 300 адам жұмыс істейді. Көрмеге біз алғаш рет қатысып отырмыз, – деді «Kaz-Metiz» ЖШС ОТК бастығы Ольга Цой.

«Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында «АЯН М.» ЖШС, «Айза» ЖШС және «Әбдікәрімова» ЖК жеңіске жетті.

– Компаниямызға 25 жыл толды. Біз Орталық Қазақстандағы ең ірі зауытпыз. Жыл сайын біз өз тұтынушыларымыз үшін жаңа нәрсе ойлап табамыз. Мысалы, биылғы жылы мохито, манго, жабайы жидек, тәтті шие анар, НЛО дәмдері бар және төмен калориялы үлкен шелектегі балмұздақтар шықты. Бізде 95-тен астам өнім бар, шелектерде 20 түрлі балмұздақ бар. Ассортимент өте үлкен. Шикізаттың барлығы қазақстандық, – дейді «Айза» ЖШС өткізу бөлімінің бастығы Амир Исаев.


«Халық үшін үздік тауарлар» номинациясы бойынша «A. V. Group» ЖШС,

«Қарағанды металл бұйымдары зауыты» ЖШС және «АЗИЯ-СМ» ЖШС лауреат атанды.

Енді тоғыз жеңімпаз конкурстың республикалық кезеңінде Қарағанды өңірінің намысын қорғайтын болады.

Іс-шара барысында «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың көрмесі өтті. Бұл жоба 2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде Қарағанды облысының Кәсіпкерлер Палатасы іске асыратын «Мен кәсіпкер» бағдарламасының құрамдас бөлігі болып табылады.

Өз өнімдерін 20 ауыл кәсіпкері ұсынды. Бренд-стендтерде қолөнершілердің тауарларын көруге болады: шай, жент, құрт, қымыз, бал және балық өнімдері, сабын, киім, былғарыдан және жүннен жасалған бұйымдар және тағы басқалар. Арнайы құрылған бренд комитеті алдағы күндері ең жақсы 10 жобаны анықтайды.

Көп балалы ана Жанар Катарбаева көрмеге Шет ауданы Жарық ауылынан келді. Өткен жылы ол «Атамекен» ӨКП өтеусіз грантын алып, өз ісін ашқан.
– Мен ірімшік өнімдерін жасаумен айналысамын. Грантқа қажетті жабдықты сатып алдым. Мен табиғи ингредиенттерді қолданамын, итальяндық технология бойынша өз шикізатымнан өнімдер шығарамын. Менде 10 сиыр бар, сүт жеткілікті. Бәрін өзім жалғыз жасаймын. Тұтынушыларым – ауыл тұрғындары. Өнімнің алты түрін шығарамын – моцарелла, качотта, халуми, чечел, фета және ірімшік. Алға қойған жоспарларым көп, кәсібімді кеңейтіп, адамдарды жұмысқа орналастырғым келеді, – деп бөлісті Жанар Катарбаева.




