
Қарағанды облысының әкімдігі «Отбасы банкімен» бірлесіп шахтерлер мен металлургтер отбасыларына жеңілдікті ипотека беруді жалғастыруда. Бұл бастамаға «Шұбаркөл Көмір» көмір өндіруші компаниясы қосылып, өз қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесті.
Бағдарламаны іске асыру үшін облыстық бюджеттен 400 млн теңге бөлінді. Тағы 300 млн теңгені «Отбасы банк» және 400 млн теңгені Еуразиялық Топ (ERG) инвестициялайды.
Алғашқы тұрғын үй сертификаттарын болашақ қоныстанушыларға тапсыру Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың, «Отбасы Банкі» Басқармасының төрағасы Ләззат Ибрагимованың және ERG Директорлар кеңесінің мүшесі Шухрат Ибрагимовтың қатысуымен өтті.
– ERG, оның ішінде «Шұбаркөл көмір» – адамдардың жағдайын ойлайтын әлеуметтік бағдарланған компания, – деп атап өтті өңір басшысы. – Ынтымақтастық үшін «Отбасы банкіне» де алғыс айтамыз. Әкімдік тарапынан біз әрқашан осындай бағдарламаларды қолдайтын боламыз. Тұрғын үй – ең маңызды жоба. Бұл біздің тұрғындар үшін үлкен қуаныш болды. Жаңа қоныстанушыларға асықпауға кеңес беремін, бүгінде пәтерлердің таңдауы кең, соның ішінде бастапқы нарықта. Биыл 800 шаршы метр тұрғын үй салынуда.
– Бұл бағдарламаның басты артықшылығы – 10 % бастапқы жарнамен жылдық төлем мөлшерлемесі 5%. Бұл өз өмірін Қарағандымен және өндіріспен байланыстыратын жас мамандар үшін өте жақсы жағдай, – деді Ләззат Ибрагимова. – Олардың әлеуметтік тұрақтылыққа, ертеңгі күнге деген сенімділікке ие болуы маңызды. Біз ERG-мен бірінші жыл жұмыс істеп отырған жоқпыз, осындай ынтымақтастықтың нәтижесі – жүздеген қоныстанушылардың қуанышы болып отыр.
Еуразиялық Топ басқа өңірлерде де осындай тұрғын үй науқанын қолдайды. ERG Директорлар кеңесінің мүшесі Шухрат Ибрагимовтың айтуынша, екі жылға жуық уақыт аралығында 600 пәтер берілген.
– Сертификаттарды тапсыру кәсіби мереке – Металлургтер күні қарсаңында өтетіні қуантады. Акционерлер мен Компания басшылығының атынан кәсіпорынды дамыту үшін жасаған барлық жұмыстарыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Сіздерге бақыт пен денсаулық тілегім келді. Бағдарлама бойынша сатып алатын пәтерлеріңіз балалардың шатты күлкісіне және бақытқа толы болсын! – деп Шухрат Ибрагимов кәсіби мерекемен және алдағы қоныс тойымен құттықтады.
Бағдарлама 5 жылға есептелген. Пәтерді Қарағандының бастапқы немесе қайталама нарығында сатып алуға болады. Қарыздың ең жоғары сомасы – 20 млн теңге.
Тұрғын үйге мұқтаж қызметкерлердің тізімін «Шұбаркөл Көмір» АҚ қалыптастырады. Жыл соңына дейін кәсіпорынның 60-қа жуық қызметкері жеңілдікті ипотеканы пайдалана алады.

Инженер-технолог Нұрсұлтан Бадан кәсіпорында 6 жыл жұмыс істейді. Қарағайлы ауылында ата-анасымен бірге тұрып келген, бірақ өз пәтерін көптен армандағанын айтады.
– Қарағанды техникалық университетін бітіріп, бірден «Шұбаркөл көмір» компаниясына жұмысқа кеттім. Мен болашақты, мансап құру мүмкіндігін көрдім. Тұрғын үй сертификаттары берілетінін біліп, қатысуға шешім қабылдадым. Менің өтінішім мақұлданды. Енді екі бөлмелі пәтер сатып ала аламын. Қолайлы пәтерді де қарап қойдым, – деп бөлісті 28 жастағы Нұрсұлтан Бадан.

Эльмира Құлметова 15 жасар ұлын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. «Шұбаркөл көмір» кәсіпорнында 22 жыл еңбек етеді.
– Мен қазір Орталық қойманың қоймашысы болып жұмыс істеймін. Жұмысым ұнайды. Соңғы жылдары мен ата-анаммен бірге тұрамын. Пәтер сатып алуға мүмкіндік болмады. Осы бағдарламаны ұйымдастырғандардың барлығына рахмет! Енді ұлым екеуміздің өз баспанамыз болады. Ол кәсіптік-техникалық колледжге түспекші. Болашақта біздің кәсіпорында менің әулетім болады деп үміттенемін, – дейді Эльмира Құлметова.
Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды облысында кеншілер мен металлургтер үшін жеңілдікті ипотека өткен жылы басталған болатын. Өткен жылы 134 Отбасы тұрғын үй жағдайын жақсарта алды. Биыл кем дегенде 75 жанұя баспаналы болды.