
Бүгін, 13 шілдеде Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарында 20 шілдеге дейін жалғасатын гранттар конкурсына қатысу үшін өтініштер қабылдау басталды.
Талапкерлер онлайн-форматта eGov арқылы да, офлайн – ЖОО-ның қабылдау комиссиялары арқылы да өтініш бере алады. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарының виртуалды қабылдау комиссиясы жұмыс істейді. Құжаттарды кез келген ЖОО-да (орналасқан жері бойынша) тапсыруға болады.
– Биыл бакалавриатқа түсу үшін 73 мың грант бөлініп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық гранттың 60 % техникалық мамандықтарға бөлінді. Гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына бөлінді, олардың саны 18 744 грантты құрайды. Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 12 560 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 10 103 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына – 7 388 грант тиесілі. «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 653 грант бөлінген. Сонымен қатар биыл халық тығыз қоныстанған батыс және жаңадан құрылған өңірлердің жастары үшін гранттар бөлінді, – деді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Отандық жоғары оқу орындарына оқуға түсу үшін талапкерлерге жеке куәлік, ҰБТ сертификаты, өлшемі 3×4 фотосурет, орта білім туралы аттестат (ТжКБ ұйымдарының түлектеріне арналған диплом), № 075/у нысаны бойынша медициналық анықтама, жасөспірімдерге арналған әскери комитеттен тіркелген куәлік ұсынылуы қажет. Сондай-ақ жеңілдікті санаттар бойынша гранттар конкурсына қатысу үшін басқа да растайтын құжаттар.
Білім беру гранттары иегерлерінің есімдерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі