
Теміртауда жылу желілерін ауыстыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Құбырлардың тозуы 70%-дан асады. Тек өткен жылыту маусымында 400-ге жуық апат болды.
Теміртау әкімі Ораз Тәуірбеков айтып өткендей, өткен жылдың жылыту маусымы жылу көздерінде де, жылу желілерінде де көптеген проблемалық мәселелердің барын көрсетті. Сондықтан негізгі апаттық учаскелер биылғы жөндеу бағдарламасына енді. Қалада 34 км жылу трассасы ауыстырылады. Тағы 14 км желіні монополист – "Оқжетпес" ЖШС жөндейді.
– Жөндеу жұмыстары бүкіл қала бойынша жүргізілуде. Жергілікті және республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Үшінші магистральға құбырды жеткізуде кідіріс болды. Бірақ екі аптадан артық артта қалушылық жоқ. Кесте қайта қарастырылды. Барлық жылу желілері бойынша жоспарланған жұмыстардың 50% орындалды. Қаланың техникалық қадағалауы мен қоғам белсенділері құбырлардың төселуін бақылауда. Келесі жылы енді күрделі жөндеу емес, желілерді қайта құру жоспарланады. Жылу оқшаулаудың қазіргі заманғы құралдары қолданылатын болады, – дейді Ораз Тәіурбеков.
Өткен жылыту маусымында ең көп ақаулар № 1 жылу магистралінде болды. Биылғы жылы осы магистральдің екі учаскесін – Республика даңғылында және Абай көшесінде – бір мердігер – "НұрайСтрой" компаниясы жөндеп жатыр.
– Біз кестеден озып бара жатырмыз. Республика даңғылында екі жылдық жоба – бар-жоғы 2,4 км. Біз қазірдің өзінде 1 км құбыр салдық. Биыл 1,6 км жоспарлануда. Абай көшесі бойынша да бәрі кестеге сай жүріп жатыр, құбырлар жеткізіліп, орнатуға дайын тұр. Біздің тағы бір жобамыз – Амангелді көшесіндегі желілерді жөндеу. Бұл № 2а жылу магистралі. Осы жылға жоспарланған жұмыстардың 70 % орындадық, – деді "НұрайСтрой" компаниясы" ЖШС техникалық директоры Ержан Молдыбаев.
Мердігер отандық өндіруші – астаналық компаниялардың құбырларын пайдаланады. Полиэтиленмен қапталған полиуретанды көбік жылу оқшаулағышы бар жаңа құбырлар. Бұл жылу шығынын азайтуға және қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді. Мұндай құбырға 30 жыл кепілдік беріледі.
– Сондай-ақ, құбырлар жедел қашықтан басқару жүйесімен жабдықталған. Егер құбыр кенеттен суланса, сигнал бірден орталық басқару бөлмесіне өтеді. Пайдаланушы ұйымда қашықтан басқару құралы болады, ол апат болған орынды бірден анықтауға және оны жоюға мүмкіндік береді. Әзірге мұндай диспетчерлік бөлме Теміртауда жоқ, – деп түсіндірді Ержан Молдыбаев.
Бірақ тек құбырларды жөндеумен шектелуге болмайды, деп есептейді Теміртау әкімі. КарГРЭС-1 және ЖЭО-2 жылу көздерін жаңарту қажет. Олар өндіретін жылу энергиясының көлемі қаланың барлық нысандарын жылыту үшін жеткіліксіз. Жалпы тапшылық – 200 Гкал.
– Біз бұл мәселені бірнеше қырынан шешіп жатырмыз. Қазір ЖЭО-2-де 7-ші қазандықтың құрылысы жүріп жатыр. Бірақ әзірге кестеден артта қалып келеді. Жеке сектор мен жекелеген заңды тұлғаларды газдандыру жүріп жатыр. Жылу желілерін ауыстыру бүгінде 30%-ға дейін жететін жылу шығынын азайтады. 2024 жылы ҚарГРЭС – 1-ден "Республика – Төлебаев" қиылысына дейінгі жаңа жылу магистралінің құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз, – деді Ораз Тәуірбеков.