
Қарағандыда жақын арада № 2 көпсалалы аурухана базасында мамандандырылған консультативтік-диагностикалық және инсульт орталықтары ашылуы тиіс. Бұл туралы Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында айтты.

– Мамандандырылған консультативтік-диагностикалық орталықта бірінші кезекте артериялық гипертония және созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар диспансерлік есепте тұрған пациенттерге көмек көрсетілетін болады. Бейінді мамандардың кеңесін № 2 көпсалалы аурухананың call-орталығы арқылы жазылу бойынша жалпы практика дәрігерінің жолдамасынсыз алуға болады. Сондай-ақ биыл жоғары деңгейдегі инсульт орталығын ашу туралы шешім қабылданды, – деді Бибігүл Төлегенова
Сонымен қатар, спикердің айтуынша, жыл соңында Х. Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада тері арқылы араласу орталығы ашылуы тиіс.
– Сондай-ақ, жыл соңына дейін алғашқы медициналық-санитарлық ұйымдар деңгейінде облыста шала туылған балаларды бақылау үшін 35 катамнез кабинетін ашу жоспарлануда. Сонымен қатар, жаңа геронтологиялық орталықтар мен қанайналым жүйесі ауруларының алдын алу орталықтары жұмыс істеуі керек, – деп атап өтті Денсаулық сақтау басқармасының басшысы.