
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев барлық әлеуметтік маңызды нысандардың мүгедектігі бар адамдарға қаншалықты қолжетімді екенін тексеруді тапсырды. Мемлекеттік мекемелер бойынша жұмыс жүргізілуде. Мораторийге қарамастан, жеке нысандар да өтініш бойынша тексерілуге жатады.

Бүгінгі таңда облыста 55 мыңнан астам мүгедек адам тұрады, оның ішінде 4864 бала. Мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелері жөніндегі кезекті кеңесте білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, қалалық ортаның қолжетімділігі салаларындағы ең өзекті мәселелер талқыланды.
– Ten Qogam ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығында өткен соңғы кездесуге сүйене отырып, 24 сұрақ анықталды. Олардың ішінде оңалту құралдарын пайдалану мерзімдерін қысқарту, зейнеткерлік жастағы мүгедектерді ноутбуктермен, оқу машиналарымен, телефондармен қамтамасыз ету. Осы және басқа да көптеген мәселелерді шешу үшін нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу қажет. Біз сұрақтарды Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдадық, – деді Әсем Жүніспекова, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.
Ten Qogam орталығының филиалдарын облыстың басқа қалаларында ашу жоспарда бар. Бүгінде бұл алаң өзін билік өкілдерінің мүгедек адамдармен сындарлы диалогы үшін қолданыстағы тиімді құрылымдардың бірі ретінде көрсетті.

Облыс әкімі қоғамдық орындардың қолжетімділігі туралы мәселені көтерді.
– Қоғамдық орындар – білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт мекемелері, сауда орталықтары – мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді болуы қажет. Мемлекеттік және жеке ұйымдардың тізімдерін жасаңыздар және "бұрын – қазір" қалай болғаны жайлы фото есепті талап етіңіздер! Әкімдерге бұл жұмысты айына бір рет жүргізуді ұсынамын. Сонда ғана нәтиже болады, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Сондай-ақ, өңір басшысы саябақтарда өтетін қалалық мерекелерге мүгедек балалар мен ересектерді жұмылдыруға тапсырма берді. Іс-шараларды мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжиетімді және қызықты болатындай етіп ұйымдастыруды тапсырды.