
Балқаш қаласындағы "Жас Қанат" балалар сауықтыру лагерінде қайта өңделген пластиктен жасалған орындық орнатылды.

Пандемия кезінде "Қазақмыс" Корпорациясы мен Қарағанды Экомұражайы экологиялық байқау өткізген болатын. Балқаш қаласының Оқушылар сарайының One power еріктілер клубы жеңімпаз атанып, сыйлық ретінде пластикалық орындық алды.

– Байқауда қоқысты дұрыс сұрыптау, оны қайта өңдеу бойынша идеяларды ұсыну және жүзеге асыру қабілетін көрсету қажет болды. Біздің клуб сөмкелерге балама ретінде этношоперлерді тігіп, қағазды қайта өңдеп, одан ашық хаттар, ал пластик қақпақтардан панельдер жасады. "Жас Қанат" лагерінде эко-жарыста жеңіске жеткені үшін сыйлығымыз – қайта өңделген пластиктен жасалған орындық орнатылды, – дейді еріктілер клубының басшысы Маржан Темірғали.