
Қарағандылық оқушы Ақшархат Эшқұлова Республикалық Мақатаев оқуларының бас жүлдесін жеңіп алды.
Жыл сайынғы оқулар Алматы облысы Райымбек ауданы Қарасаз ауылында – ақынның туған жерінде өтті. Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 64 оқушы қатысты.
Поэзия әуесқойлары үш номинация бойынша бақ сынасты – "Ақындық сайыс", "Жыр эстафетасы" және "Көкірегімде жыр сәулесі маздайды".
Қарағанды № 61 ЖББМ оныншы сынып оқушысы Ақшархат Эшқұлова "Жыр эстафетасы" номинациясында Гран-при алды. "Ақындық сайыс" санатында бірінші болып осы мектептің 9-сынып оқушысы Нұрғасыр Изат атанды.

– Ақшархат пен Нұрғасыр облыстық және республикалық оқуларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Мақатаев оқуларында ең қиын номинация Ақшаратта болды: Мұқағали Мақатаевтың "Аққулар ұйықтағанда", "Райымбек-Райымбек", "Алтай-Атырау" поэмаларын жатқа оқыды. Осы санаттағы 19 қатысушы бір-бірін жалғастыра отырып, поэмалардан үзінділер оқыды. Нұрғасыр өткен Мақатаев оқуларында ақынның 120 шығармасын оқып, екінші орынға ие болды. Бұл жолы ол тағы 81-ін жатқа біліп, бірінші болды, – деді № 61 ЖББМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дидар Төрекелдина.

Сондай-ақ, "Көкірегімде жыр сәулесі маздайды" номинациясы бойынша Райымбек ауданы әкімінің арнайы сыйлығымен Теміртау қаласының № 2 ЖБМ 10-сынып оқушысы Шынар Бақтыбаева марапатталды.