
Шет ауданының командасы ұлттық ат спорты түрлерінен облыстық фестивальде жеңіске жетті. Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шет аудандарының спортшылары көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілуде бақ сынасты.

– Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қыркүйек айында Петропавлда өтетін республикалық фестивальге қатысады. Биыл спортшылар төрт бағыт бойынша бақ сынасты. Келесі фестивальге асық ату, тоғызқұмалақ және бәйге қосуды жоспарлап отырмыз, – деді фестивальдің ұйымдастырушысы және бас хатшысы Амангелді Сағатбек.

Ұлттық спорт мерекесі Ақтоғайда өтті. Жалпы командалық есепте бірінші болып Шет ауданының командасы, екінші орынды қарқаралылықтар, үшінші орынды фестиваль иелері иеленді.

– Біз жалпы командалық есепте екінші орын алдық. Біздің аудан ат спортының дамуына өз үлесін қосуда. Спортшылар мен әуесқойлар мықты әрі жүйрік жылқылар сатып ала бастады. Осының арқасында біз жоғары нәтиже көрсетіп отырмыз, – деп есептейді Қарқаралы ауданының көкпардан жаттықтырушысы Серік Сүйіндік.

Көкпарда Шет ауданы жеңіске жетті, екінші орында Қарқаралы ауданының өкілдері, үшінші орында нұралықтар болды.

Шет ауданының қоржынында аударыспақтан алты алтын медаль, Нұра ауданында екі алтын және ақтоғайлықтарда бір алтын.
Жамбы атуда үш жүлделі орынды Қарқаралы ауданының спортшылары иеленді.

Теңге алуда бірінші болып Төлеген Серғазиев (Бұқар жырау ауданы), екіншісі – Дидар Есмахаев (Шет ауданы), үшіншісі – Ерасыл Өрікбеков (Ақтоғай ауданы) болды.

