Теміртауда жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаға 20 жас маман қатысты

Теміртауда жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаға 20 жас маман қатысты

Теміртауда жас мамандарға арналған жеңілдетілген тұрғын үй ипотекалық бағдарламасы іске қосылды. Жеңілдікті несиемен баспана алу мүмкіндігін 20 адам пайдалана алды.

№ 4 Теміртау емханасының жалпы тәжірибе дәрігері Диана Жұманова жақында жеңілдікті бағдарлама бойынша тұрғын үй сатып алғандардың бірі. Ол жұбайымен және екі баласымен бірге осыған дейін ата-енесімен бірге тұрып келген. Жастар ипотекасының арқасында отбасы жақында үш бөлмелі пәтерге көшті.

– Біздің екі баламыз бар, мен әрқашан олардың жеке бөлмесі болғанын армандаған болатынмын.  Бағдарлама туралы біліп, құжаттарды жинап, соңғы күні тапсырдым. Міне, сәуір айында біздің өтінішімізді мақұлдады. Пәтер тез табылды, жаңа үйге көшіп те үлгердік. Осындай бағдарлама барына қуаныштымын, себебі онсыз баспана алу бізге қиын болар еді, – дейді Диана Жұманова.

Жастар ипотекалық бағдарламасын әкімдік «Отбасы банкімен» бірлесіп іске қосты. Бұл жас мұғалімдерге, дәрігерлерге, медбикелерге, спортшыларға, жаттықтырушы-оқытушыларға, мәдениет қызметкерлеріне, журналистерге, ЖОО оқытушыларына, ғылыми қызметкерлер мен әлеуметтік сала өкілдеріне, сондай-ақ өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлеріне жеңілдікпен тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік береді. Бағдарламаға қатысудың басты шарты – үміткер 35 жастан аспаған және өз баспанасы болмауы тиіс.

– Бағдарламаға қатысу үшін құжаттарды қабылдау 1 ақпанда басталды. Комиссия 49 үміткердің өтініштерін зерттеді, олардың 20-сы мақұлданды. Олардың барлығы бағдарламаның өлшемшарттарына сай келгендер, – деп хабарлады Теміртау әкімдігінің баспасөз қызметі. – Жеңілдетілген қарыз 15 млн теңгеге дейінгі сомаға 5%-бен беріледі. Бастапқы жарна қарыз сомасының 10% құрайды, несие мерзімі 96 айға дейін. Баспананы бастапқы және қайталама нарықтарда сатып алуға болады.