
Қарағандылықтар СҚО-да өткен Мағжан оқуларының республикалық кезеңінің жүлдегерлері атанды. Ғылыми-шығармашылық байқауға еліміздің барлық өңірлерінен 50-ден астам оқушы қатысты.

"Жасынан оқу оқып, ғылым қуған..." ғылыми-жобалық жұмыстар номинациясында бірінші орын Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ ауылының Қ. Смайылов атындағы ЖББМ 10-сынып оқушысы Мағжан Құдайберген иеленді.
– Ғылыми-жобалық жұмысқа қыстан бері дайындалдым. Жетекшім – Гүлмира Байназарова. Мағжан Жұмабаевтың өмірбаянымен, оның шығармашылығы бойынша жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарымен таныстым. Республикалық байқауда жобаны сәтті қорғадым. "Алаштың" барлық тұлғалары туралы көбірек білгім келеді, – дейді Мағжан Құдайберген.

"Ақындар бір бала ғой айға ұмытылған" номинациясы бойынша Қарағанды қаласының А. Бөкейхан атындағы ЖББМ 10-сынып оқушысы Мақсат Жарылқасынов екінші болды.

Қарағанды қаласының № 61 ЖББМ 10-сынып оқушысы Алина Наурызбаева "Өлең-менің Шолпаным, Айым, Күнім" номинациясы бойынша үшінші орында.

Оқушылар тек жарысқа қатысып қана қоймай, Мағжан Жұмабаев туған Сарытомар ауылына барып, оның есімі берілген мұражайымен танысып, ақын мен қоғам қайраткері ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.