
Балқашта жол жұмыстары басталуға жақын. Өткен жылмен салыстырғанда жөндеу көлемі 6 есеге артты. Қала ішіндегі көшелерді ретке келтіру жалғастырылады.
Жөндеу маусымы басталды. Жұмыс сапасын бақылау күшейтілді. Облыс орталығында жол активтері сапасының ұлттық орталығы облыстық филиалының сарапшылары кезекшілік етеді. Құрылыс материалдары алдын ала зертханада тексеріледі.
«Орташа жөндеу жұмыстары 24 шақырымнан астам автожолды қамтиды, олардың 10-нан астамы-қалаішілік көшелер: Абай, Жезқазған, Рысқұлов, Металлургтер, Қазбеков, Островский, сондай-ақ Цветочный қиылысы. «Балдәурен» балалар-сауықтыру кешені бағытындағы учаскеге, сондай-ақ Тораңғалық және Шұбартүбек кенттерінің ішіндегі жолдар мен оларға кіреберістер жөнделеді», - деп хабарлады Балқаш әкімдігі.
Қалада сондай-ақ суару жүйесін қалпына келтіру жалғастырылады. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен сол жақ бағытты қайта жаңарту аяқталады. Оны іске қосу мамыр айында жоспарлануда. Бұл 20 көше, бес саябақ пен гүлзарлар, 12 мектеп пен балабақшалар, 8 өзге де әлеуметтік нысандар аумағына суармалы су береді.
Қалалық әкімдіктің ақпараты бойынша, биылғы жылы оң жақ тармақты қайта жаңартуға жобалық-сметалық құжаттама дайындалады. Оны 2021 жылы қалпына келтіру көзделіп отыр.
Балқаш қаласында 66 200-ден астам жасыл желектер бар. "Жасыл ел" жасақтарының сарбаздары ағаштар мен бұталарға күтім жасауда. Қоғамдық орындарда суғаруды коммуналдық кәсіпорын қамтамасыз етеді. Қаланы одан әрі көгалдандыру үшін дендроплан бар.
Қала әкімдігінде кезекті жылыту маусымына дайындық туралы да айтылды. Жаз бойы 20 шақырым орамішілік желілерді жөндеу жоспарланған, оған облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Саяқ кентінде қазандық жабдығын жаңарту аяқталады.
Сонымен қатар, Балқаш ЖЭО-нан Қоңырат ықшамауданына дейінгі ұзындығы 17 шақырым болатын жаңа магистралды желі құрылысы бойынша жобаны жүзеге асыру басталады.