Саран волейболшылары Германиядағы Дүниежүзілік жазғы арнайы Олимпиада ойындарында төртінші болды

Саран волейболшылары Германиядағы Дүниежүзілік жазғы арнайы Олимпиада ойындарында төртінші болды

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Саран арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының волейболшылар командасы Берлинде өткен Дүниежүзілік жазғы арнайы Олимпиада ойындарында төртінші орынға ие болды. Зияткерлік дамуы бұзылған адамдарға арналған олимпиадаға түрлі елдерден 6,5 мыңнан астам спортшы қатысты. Олар 26 спорт түрінен бақ сынасты.

Саран командасы алғаш рет осы деңгейдегі жарыстарға қатысты. Олардың кіші топтарының қарсыластары арасында АҚШ, Италия, Австрия спортшылары болды. Барлығы 10 кездесу өткізілді.

– Спортшылар әлсіз волейболшыларға көшбасшылармен күресуге және жүлделі орынға ие болуға мүмкіндік беретін швейцариялық жүйе бойынша ойнады, – дейді "Special Olympics Kazakhstan" ҚБ филиалының өкілі Ирина Эрзямкина. – Бірінші ойыннан бастап біздің волейболшылар жақсы деңгей көрсетті. Австриядан келген командамен бірнеше кездесулер өткізіліп, әр жолы жеңімпаз атанып отырды. Бірақ, өкінішке орай, сол қарсыластармен үшінші орын үшін күресте оларға аздап есе жіберіп алды. Нәтижесінде төртінші орын алды.

Саран волейболшыларын Евгения Самоследова жаттықтырады.

Саран командасының сүйемелдеушілері атап өткендей, жарыс кезінде әлеуметтену және инклюзия дамиды. Шет тілдерін білмесе де, спортшылар сөйлесті, әсерлерімен бөлісті.

Саран арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қазір 18 жастан асқан 553 адам бар. Ең егде жастағысы 84 жаста.

– Олар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған, – деп атап өтті орталық директоры Бекзат Әбдіғалиев. – Біз қамқорымыздағы жандарға жайлы жағдай жасауға тырысамыз, мүмкіндігінше оларды түрлі ойын-сауық және спорттық іс-шараларға шығарамыз. Волейбол, футбол, жеңіл атлетикамен айналысатын командаларымыз бар. Бізге Special Olympics Kazakhstan филиалының өкілдері жетекшілік етеді. Олардың қолдауының арқасында біздің шәкірттеріміз түрлі спорттық турнирлерге, соның ішінде халықаралық деңгейдегі турнирлерге қатысады.

Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпараты бойынша