
Қарағанды облысының "Спасск" оқу орталығында "Айбын-2023" IX халықаралық әскери-патриоттық жиынының қорытындысы шығарылды. Жеңіс Қазақстан командасына бұйырды,

екінші орында Өзбекстаннан келген жас патриоттар, үшінші орында Әзірбайжан елінің командасы.

"Айбын" жиынының жабылуымен қатысушыларды ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілдері,

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Білім Министрінің орынбасары Айбат Ілиясов, шетелдік қонақтар мен ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері құттықтады.

Әскери-қолданбалы спорт түрлеріне, зияткерлік және шығармашылық конкурстарға 700-ден астам ұлдар мен қыздар қатысты. Барлығы 43 команда болды.

Астана қаласы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледжінің командасы Гран-при иегері және жарыстардың абсолютті чемпионы, сондай-ақ "Республикалық әскери оқу орны" санатындағы үздік атағына ие болды. Команда капитанына "Айбын-2023" жиынының Туы табысталды.

– Біз қатты тырыстық. Екі айдан астам уақыт дайындалдық. Ата-анамыз бен колледжіміздің үмітін ақтай алғанымызға қуаныштымыз. Мен атудан бірінші орын алдым. Біз жеңген ең қиын сынақ эстафета болды. Біз өз жүлдемізді Қызылорда командасына сыйға тарттық. Біз қанша дегенмен де болашақ әскери адамдармыз, бізде арнайы дайындық бар, ал ол балалар қарапайым мектептерден келген. Соған қарамастан, олар лайықты қарсылас болды, – дейді С. Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжінің студенті Диарбек Сұлтан.

Өңірлік қатысушылар арасында Қызылорда облысының "Сыр Айбыны" әскери-патриоттық клубының командасы жеңіске жетті.

– Жарыс көңілді де, қиын да болды, бірақ бәріміз шыдадық. Біз жақсы дайындықпен келдік және мұны дәлелдей алдық, – деп бөлісті "Сыр Айбыны" командасының өкілі Мұхамедхан Сайтбаттал.
Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери-патриоттық клубтары арасында төтенше жағдайлар министрлігінің "Жас ұлан" командасы ең мықты болды.

"Үздік жас сарбаз" номинациясы бойынша Кубок иегері – "Восток" өңірлік қолбасшылығының "Жас барлаушы" әскери-патриоттық клубының өкілі Мейіржан Теміржанов болды.

Жарыс жеңімпаздары кубоктармен, медальдармен, дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.

Биыл жиын Астананың 25 жылдығына арналды.