
Венгрияда өткен Әлем Кубогында Қарағанды облысының кикбоксшылары Бекболат Әкім және Руслан Степанов күміс жүлдегер атанды. Олар Қазақстан атынан ұлттық құрама сапында өнер көрсетті.

Бекболат Әкім – Балқаштың тумасы. 23 жаста. Ол әуесқой спортшы. Бала кезінен бокспен айналысып, бір жарым жыл бұрын кикбоксингпен айналыса бастаған. Осындай қысқа мерзімде көптеген халықаралық чемпионаттар мен турнирлердің жүлдегері атанды.

– Өрт сөндіруші-құтқарушы болып жұмыс істеймін. Өткен жылы Түркияда өткен Әлем кубогында үшінші орын алдым. Таиландтағы Азия чемпионатында екінші болдым. Сондай-ақ Өзбекстандағы халықаралық турнирдің қола жүлдегерімін, – дейді Бекболат. – Будапешттегі Әлем Кубогында үш қиын жекпе-жек өткіздім. Бірінші спаррингте Ұлыбританиядан келген жауынгерге қарсы шықтым, екіншісінде Словакиядан келген спортшымен кездестім. Финалда Финляндиядан келген кикбоксшыдан жеңіліп, 63 келі салмақ дәрежесінде екінші орынға ие болдым. Қазір Қазақстан чемпионатына және әлем чемпионатына іріктеуге дайындалып жатырмын.

Руслан Степанов 24 жаста. Ол Қарағандыда тұрады және жекпе-жек бойынша мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде әдіскер болып жұмыс істейді. 19 жылдан бері кикбоксингпен айналысады. 81 килограмм салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді.

– Мен халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Әлем кубогының, халықаралық жарыстар мен турнирлердің жүлдегерімін. Будапештте алғашқы екі жекпе-жекті алып өттім, бірақ финалда маған бір ұпай жетіспеді, мен екінші орынға ие болдым, – дейді Руслан. – Қазір қазан айында Сауд Арабиясында өтетін Дүниежүзілік ойындарға дайындалып жатырмын. Сондай-ақ, Қазақстан чемпионатында және Португалияда өтетін әлем чемпионатында өнер көрсетуді жоспарлап отырмын.