Қарағанды облысында 25 маусымнан колледждерге құжаттарды қабылдау басталады

Қарағанды облысында 25 маусымнан колледждерге құжаттарды қабылдау басталады

Қарағанды облысында 25 маусымда колледждерге қабылдау науқаны басталады. Өтініштер мен құжаттарды электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы немесе оқу орнына жүгіну арқылы беруге болады.

Мемлекеттік тапсырыс бойынша күндізгі оқу нысанына құжаттарды 25 маусымнан 18 тамызға дейін тапсыруға болады. Ақылы негізде оқу үшін – 25 маусымнан 25 тамызға дейін. 

Кешкі немесе сырттай оқу нысандарында оқуды жоспарлап отырған талапкерлер 25 маусым мен 20 қыркүйек аралығында өтініш беруі керек. Ал шығармашылық дайындықты қажет ететін мамандықтар бойынша – 25 маусымнан 20 шілдеге дейін.

Педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша құжаттарды қабылдау 25 маусымда басталып, 15 тамызға дейін жалғасады.

Колледжге түсу үшін келесі құжаттарды ұсыну қажет:

- құжаттарды қабылдау туралы өтініш;

- білім туралы құжаттың түпнұсқасы;

- 3х4 см өлшемді фотосуреттер – 4 дана;

- № 075-У нысанындағы медициналық анықтама, бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар мен бала кезінен мүгедектігі бар адамдар үшін – 031-У нысаны бойынша медициналық-әлеуметтік сараптаманың қорытындысы;

- жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін).

Күндізгі оқу нысанына қабылдау нәтижелері туралы ақпарат колледждерде және оқу орындарының сайттарында 31 тамызға дейін, кешкі және сырттай оқу нысандарында – 30 қыркүйекке дейін жарияланады.

Қарағанды облысы білім басқармасының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша