"Айбын" халықаралық әскери-патриоттық жиынына 700-ге жуық студент пен оқушы қатысуда

"Айбын" халықаралық әскери-патриоттық жиынына 700-ге жуық студент пен оқушы қатысуда

Қарағанды облысының "Спасск" оқу орталығында "Айбын" халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны басталды. Оған 700-ге жуық адам – Қазақстанның барлық өңірлерінің өкілдері және Өзбекстан мен Әзірбайжаннан келген екі команда қатысуда.

Жас жауынгерлердің жасы 14-тен 17 жасқа дейін. Жиын бағдарламасында "Айбын дарыны" зияткерлік ойыны және "Күшіміз бірлікте" әскери-далалық тактикалық ойыны, "Айбын жұлдызы" шығармашылық байқауы, SmartSarbaz робототехника сайысы бар.

Жиынның ашылуында жастарға арнаған құттықтау сөзімен Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев сөз сөйледі:

– Біз Қазақстанның Қарулы Күштерінің қатарын толықтыруға ұмтылған жастарымызды мақтан тұтамыз. Біздің облыста тоғызыншы рет "Айбын" әскери-патриоттық жиыны өткізілуде. Бұл үлкен құрмет пен жоғары сенім. Биылғы жылы жиын халықаралық мәртебеге ие болды.

Ашылу салтанатына Парламент депутаттары Сергей Ершов, Болат Керімбек және Әлішер Сатвалдиев, Қорғаныс министрінің орынбасарлары генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов және генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов, Әзірбайжан мен Өзбекстаннан келген қонақтар, Қарулы Күштердің ардагерлері, еліміздің әскери-патриоттық клубтары мен оқу орындарының тәрбиеленушілері қатысты.

– Биылғы жылы цифрлық технологияларға баса назар аударылуда. Олардың қатарында пилотсыз аппараттар, роботтар және басқа да цифрлық инновациялар бар, – деп атап өтті ҚР Қорғаныс министрлігінің тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы Тілеухан Басхожаев. – Биылғы байқаудың негізгі тақырыбы – елорданың 25 жылдығы.

Қатысушылар мен қонақтар үшін "Бірлік ордасы" мобильдік-көрме экспозициясының тұсаукесері, "Отан. Армия. Жас Сарбаз" балалар суреттерінің көрмесі ұйымдастырылды, сондай-ақ "Айбын – достық мекені” аллеясына ағаштар отырғызылды. Сонымен қатар, "Засада" деп аталатын роталық тактикалық топтың іс-қимылдары көрсетілді.  Көрермендер назарына бөлімшенің "Заңсыз қарулы құрылымды жою" бойынша үйлесімді жұмысын көрді. Алдыңғы қатарлы авиация ұшқыштарының ерекше қойылымы ұсынылды.

Іс-шара концертпен аяқталды. Алда жиынға қатысушыларды, әскери-патриоттық клубтардың, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Қорғаныс министрлігінің әскери колледжінің, "Жас ұлан" республикалық мектептерінің, облыстық әскери мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілерін жарыс және қызықты мәдени-демалыс бағдарламасы күтіп тұр.

ҚР Қорғаныс министрлігінің ақпараты бойынша