Қарағанды – Балқаш пойызының вагондар саны артты

Қарағанды – Балқаш пойызының вагондар саны артты

Қарағанды облысы 2022 жылы 360 мыңнан астам туристі, оның ішінде 16 мыңға жуық шетелдіктерді қабылдады. Биылғы жылы бұл ағын бұдан да жоғары болады деп күтілуде. Ол үшін жағдай жасалуда: демалыс орындары абаттандырылуда, Алматы мен Астанадан Балқашқа күнделікті рейстер ұйымдастырылды. Сонымен қатар, облыс тұрғындарының өтініші бойынша Қарағанды – Балқаш пойызына 4-тен 6-ға дейін екі вагон қосылды.

Аппараттық жиында туризмді дамыту туралы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Дастан Құдабаев баяндады.

Оның айтуынша, Балқашта 68, Қарқаралы ауданында 15 демалыс орны бар.

– Туризмді дамытудың негізгі нүктелері – Балқаш курорттық аймағы мен Қарқаралы ұлттық табиғи саябағы. Балқашта абаттандыру, инфрақұрылым салу және туристер үшін жағдайды жақсарту мәселелері бойынша сырттағы жиын өтті. Бертіс шығанағындағы туристік нысандарға электр желілерін тарту, су және кәріз жүйесімен қамту жұмыстары аяқталды. Биыл қала жағалауын абаттандыру жұмыстары басталды, – деді Дастан Құдабаев.

Шілде айында Балқашта JasArtsFest музыка фестивалі өтеді. Және де мүмкіндігі шектеулі жандардың қатысуымен «Рух желкендері» регатасы жоспарланған.

Қарқаралы өңірінде туризм саласын дамытудың Жол картасын әзірлеу басталды. Кәсіпкерлік басқармасы басшысының айтуынша, бұл іспен Урбанистика орталығы айналысуда.

– Жол картасында Қарқаралы бөгетінің іргелес аумақтарын, Қаратөбе учаскесіндегі тоғанды абаттандыру, Қарқаралыдан Бұғылы шатқалы мен Үлкен көл курорттық аймақтарына электр желілерін, автомобиль жолын, су құбыры мен кәріз жүйесін тарту жұмыстары қарастырылған, – дейді Дастан Құдабаев.

Қала маңындағы туризмді дамытуға да көңіл бөлінуде. Қарағандының төңірегінде азаматтардың бос уақытын өткізетін 75-ке жуық орын бар. Демалыс күндік турлар бар. Абай ауданы, Топар ауылындағы қоғамдық жағажайды жабдықтау жоспарлануда.

Биыл облыста туризм саласында 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда: Балқашта, Қарқаралы, Бұқар жырау және Нұра аудандарында.

– Туристік әлеуетті дамыту үшін жол бойындағы сервистік нысандардың жетіспейтін инфрақұрылымын салу қажет. Демалушылардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.