
Теміртау мәдени-демалыс клубтарының тәрбиеленушілері Астана мен Бурабайға барып қайтты. Балаларға үш күндік экскурсиялық тур ұйымдастырылды.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 100 бала Астанаға және Бурабай курорттық аймағына барды. Астанада оқушылар океанариумда, Ұлттық мұражайда және Қазақстанның ұлттық саябағында болды.

Жас саяхатшылар екі күнді "Лесная сказка" балалар лагерінде өткізді. Онда балаларға ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды.

– Керемет әсер алдық, бәрі ұнады. Әсіресе лагерьде өткізген екі күніміз ерекше болды. Тәлімгерлер де керемет, көңілді, тамақта та дәмді болды. Біз бір сәт те жалықпадық. Бұл сапарымыз ұзаққа есте қалады, – деп бөлісті 11 жасар Аида Құрман.
Сапар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ұйымдастырылды.

"Биыл алғаш рет біз "Балалардың мәдени-демалыс клубтарында бос уақытты ұйымдастыру" мемлекеттік әлеуметтік тапсырысын орналастырдық, – деп хабарлады Теміртау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі. – Жоба жазғы демалыс кезінде балалардың демалысы пайдалы және белсенді өтуіне бағытталған. "Jastar даму орталығы" қоғамдық бірлестігімен шарт жасалды. Болашақта балаларды жазғы демалыспен қамтуды ұлғайтуды жоспарлап отырмыз".