ArtSport жобасының қатысушылары облыстық фестивальде өз жетістіктерімен бөліседі

ArtSport жобасының қатысушылары облыстық фестивальде өз жетістіктерімен бөліседі

Қарағандыда BOLASHAQ STAR KZ облыстық балалар шығармашылығы фестивалінің қорытынды туры өтуде. Мерекелік іс-шараға ArtSport бағдарламасы бойынша үйірмелер мен секцияларға тегін қатысатын балалар мен жасөспірімдер қатысты.

Бейнелеу өнері мұражайында 14 шығармашылық студияның 185 туындысы ұсынылған.

Бұл тек кескіндеме, графика және сәндік-қолданбалы өнер ғана емес.

Көрермендер алдында театр үйірмелерінің, киім үлгілеу мен дизайнның, шешендік шеберліктің тәрбиеленушілері өнер көрсетті.

– 2021 жылдың сәуір айынан бастап 4 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды үйірмелер мен секцияларда тегін сабақтармен барынша қамту үшін ArtSport мемлекеттік шығармашылық тапсырысы іске асырылуда. Бүгінгі таңда облыста 56 жеткізуші жұмыс істейді, онда төрт мыңнан астам бала айналысады, – дейді облыстың демалыс және халық шығармашылығы ғылыми-әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Гүлнар Рахметова. – Біз үйірмелердің жұмысын мұқият бақылап отырмыз. Бағдарламаның қалай жүзеге асырылып жатқанын, балалар не үйрене алғанын көргіміз келеді. Біз үшін ең бастысы – жеткізушілердің сапалы жұмыс істеуі.

Алты жасар Полина Ғабдрахманова 1,5 жылдан бері "НаТВОРим" даму және шығармашылық орталығында тегін айналысады. Алғашқы жетістіктері де бар.

– ArtSport – ата-аналарға үлкен көмек. Үш балам бар, олардың екеуі осы бағдарлама аясында спортпен шұғылданады және шығармашылық үйірмелерге барады. Қызым сурет салады. Бүгін оның жұмысы осында көрмеге қойылды. Ал ұлым жүзуге барады. Әрбір ата-ананың ақылы үйірмелерге балаларын беруге шамасы бола бермейді. Бағдарлама одан әрі жұмыс істейді деп үміттенемін, – дейді Полинаның анасы Елена Липатова.

Фестивальдің екінші бөлімі К. С. Станиславский атындағы драма театрында өтеді.

Жас таланттар аспаптық, хореографиялық және вокалдық нөмірлерін ұсынады.

ArtSport мемлекеттік тапсырысына қатысушылар үшін мерекелік іс-шараны мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және облыстық демалыс және халық шығармашылығы ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырды.