Қарағандылық оқушылар республикалық математикалық турнирде жүлделі орындарға ие болды

Қарағандылық оқушылар республикалық математикалық турнирде жүлделі орындарға ие болды

Алматы қаласындағы Ш.Смағұлов атындағы облыстық мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернатының базасында өткен XVI республикалық «Бастау» математикалық турнирінде қарағандылық командалар жүлделі орындарға ие болды. Зияткерлік сайысқа барлығы 46 команда қатысты – Қазақстанның барлық аймақтарынан 2–4 сыныптардың 150 оқушысы.

Олимпиаданың ерекшелігі командалық және жеке сынақ өткізу болды. Қатысушылар топтық жұмыста дағдылары мен қабілеттерін көрсетті.

Қазылар алқасының құрамына мамандандырылған оқу орындарының математика пәнінің мұғалімдері кірді.

Жекелей сында қарағандылық С. Сейфуллин атындағы гимназияның оқушылары Айзере Медеу мен Әсия Қаракесекова жүлделі үшінші орынды иеленді.

– Біздің оқушылар бір жыл бойы дайындалды. Олар қалалық, облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Осы турнирдің облыстық кезеңінде бірінші болып, республикаға жолдама алдық, – дейді С. Сейфуллин атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Назгүл Жұмабекова.

Жалпыкомандалық есепте қарағандылық С. Сейфуллин атындағы гимназия екінші және № 95 мектеп-гимназиясы үшінші орынды иеленді.

– Біз бұл турнирге төртінші рет қатысып отырмыз. «Бастауда» мектебімізден 2, 3, 4 сыныптардан бір оқушыдан бақ сынады. Облысты қазақ және орыс тілдерінде оқытатын екі команда қорғады. Екі командамыз достасып, бір-біріне көмектесіп, есептерді бірлесіп шешіп, олимпиадаға дайындалдық, – дейді № 95 мектеп-гимназиясының математика пәнінің мұғалімі Елена Отрощенко.

Олимпиаданың бас жүлдесі мен кубогын Республикалық физика-математика мектебінің командасы (Астана қ.) жеңіп алды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және сертификаттармен марапатталды.