
Саран қаласында орталық жылу көзінің құрылысы жалғасуда. Төрт қазандық орнатылып, жетіспейтін жабдық сатып алынады.

Саранды жылыту маусымына дайындау туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев халықпен кездесу барысында айтып өтті. Ол сондай-ақ орталық қазандықтың құрылыс алаңына барып, мердігерге барлық жұмыстарды тездетіп, мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Шағын қала тұрғындарымен кездесу дәстүрлі форматта өтті: ұзақ есептерсіз, тек сұрақтар мен жауаптар.

Халық тарапынан қойылған сұрақтар негізінен ТКШ, медицина және білім туралы болды. Сарандықтар жолдарды, үйлердің қасбеттерін жөндеуді, ескерткіштер мен аула алаңдарын ретке келтіруді сұрады.

Осы уақытқа дейін 44 ауланың 37-сі жаңартылды. Қалғандары биылғы жылы абаттандырылады. Жолдарды асфальттау және жарықтандыру жұмыстары жалғасады. Халық қатысатын бюджет бойынша "Сұңқар" саябағында демалуға арналған үш алаң жабдықталады.

Саран қаласының тұрғындары жаңа балалар мен спорт алаңдарын бұзатын вандалдарға шағымданды. Тұрғындардың бірі полицейлердің көшелерді патрульдеуін күшейтуді немесе халық жасағын құруды ұсынды. Өңір басшысы бұл мәселе тек Саранда ғана емес, басқа да елді мекендерде өзекті екенін атап өтті.

– Мұның бәрі тәрбиеге байланысты. Біз өзімізден бастауымыз керек. Әр аулаға және әр қоқыс жәшігіне полиция қызметкерін қоя алмаймыз. Мен полиция бастығына қоғамдық орындардағы тәртіпті жіті қадағалап, учаскелік полиция қызметкерлерін жұмысқа көбірек тарту туралы тапсырма беремін. Біз тек жазалау шараларымен проблеманы шеше алмаймыз, халықты тәрбиелеуіміз керек, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Бүгінде шағын қаланың негізгі қаражаты РТИ шағын ауданын қалпына келтіруге бағытталған.

19 үйді жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Олардың үшеуі бюджет есебінен, 16-сы жеке инвестициялар есебінен қайта құрылады.

Тұрғын үйді қалпына келтіру мен салудан бөлек, РТИ-де балабақша салу жоспарлануда. Сондай-ақ, оқу жылының басында моноқалада психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылып, Абай атындағы мектепке қосымша спорт залының құрылысы аяқталады.

Кездесуден кейін Ермағанбет Бөлекпаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
