Қарағандылықтар Абай облысына гуманитарлық көмектің алғашқы партиясын жіберді

Қарағандылықтар Абай облысына гуманитарлық көмектің алғашқы партиясын жіберді

Абай облысындағы қайғылы оқиғаға барша жұрт ортақтасып жатыр. Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы екі күн ішінде құтқарушылар мен зардап шеккендерге көмек жинады. Қиындыққа тап болған адамдарға негізі қажетті заттар – су, азық-түлік, гигиена заттарын сатып алды.

Көмек жинауға этномәдени бірлестіктер мен ҚХА құрылымдары қатысты. Аналар кеңесі қолөнершілер жасаған футболкалар мен маскаларды ұсынды. Еріктілер гуманитарлық көмекті жинауға және көлікке жүктеуге көмектесті.

– Абай облысында орман өртінде қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтамыз. Қабырғамыз қайысып, барлығымен бірге қайғырудамыз. Асар дәстүрі қиын өмірлік жағдайларда көмектеседі. Біз бірігіп, екі күн ішінде гуманитарлық көмек жинадық. Алдымен штабқа қоңырау шалып, бірінші кезекте не қажет екенін білдік. Мұнда су, кофе, энергетикалық сусындар, жемістер, тоқаштар, қағаз және дымқыл майлықтар және т. б. бар, – дейді Қарағанды облысы ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Нұрлан Әубәкіров.

Абай облысына гуманитарлық көмектің бірінші партиясы жіберілді. Келесісі дайындалып жатыр.

– Бұл бастамаға этномәдени бірлестіктер де қосылды. Отандастарымыздың өмірін қиған Абай облысындағы апат баршамызға ауыр тиіп отыр. Барлығы өз үлестерін қосуға тырысты. Зардап шеккендерге және өртті сөндіруге қатысқандардың барлығына, орман алқаптарын құтқару үшін күресіп жатқандарға көмектесу керек, – деді "Полония" облыстық поляк қоғамының төрағасы Виталий Хмелевский.

Гуманитарлық көмек жинау жалғасуда. Қабылдау пункті Қарағанды Достық үйінде орналасқан: Шахтерлер даңғылы, 64, 114-кабинет.

Байланыс телефоны 22-25-87.