Қарағанды облысының командасы боччадан балалар Паралимпиада ойындарында үздік үштікке енді

Қарағанды облысының командасы боччадан балалар Паралимпиада ойындарында үздік үштікке енді

Ерекше білім беру қажеттілігі бар жас спортшылар балалар Паралимпиадасы мен боччадан Қазақстан чемпионатында төрт алтын, екі күміс және алты қола медаль жеңіп алды. Ал "Батыл жүректер" би ұжымының қатысушылары "Үздік классика биі" арнайы номинациясында жүлдеге ие болды.

Астанада CHILDREN PARALYMPIC GAMES инклюзивті спорт фестивалі және боччадан Қазақстан чемпионаты өтті. Спорттық шараларды "Саламатты болашақ" әлеуметтік жобасын іске асыру аясында "Тең мүмкіндіктер әлемі" қоғамдық қоры ұйымдастырды.

– Қарағанды облысының командасы атынан 32 ерекше бала қатысты. Бұл жобаның әлеуметтік серіктестері болып табылатын "Батыл жүрек" қайырымдылық қорының қамқорлығындағы бүлдіршіндер.  Жалпы есептегенде балалар 12 медаль және хореография бойынша арнайы номинацияны жеңіп алды, – дейді "Саламатты болашақ" жобасының үйлестірушісі Гауһар Ақыжанова. – Біздің балалар Астана мен Алматы командаларынан кейін бочча бойынша үздік үштікке енді.

Боччадан Қазақстан чемпионатында Аружан Жеңіс алтын медаль жеңіп алды. Бойжеткен церебральды сал ауруымен ауырады және боччамен айналыса бастағанына небәрі алты ай ғана болған.

– Аружан 17 жасқа толды. Ол тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың түлегі. Бұрын боччамен ешқашан айналыспаған, тек жүзу секциясына барған. Жарты жыл бұрын "Батыл жүрек" ҚҚ ұйымдастырған компьютерлік курстарға бара бастады. Онда Аружан жаттықтырушылардың көзіне түсіп, оған боччада мүмкіндіктерін сынап көруді ұсынды. Қызыма ұнады, жаңа достар тапты. Чемпионат алдында біраз қобалжыды. Бірақ соған қарамастан қызым жеңіске жетіп, алтын медаль жеңіп алды, – деді бойжеткеннің анасы Ұлжан Әбдікәрімова.

Анастасия Кутурман мен Полина Васильева бочча чемпионатының қола медальдарын жеңіп алды.

Бочча бойынша Паралимпиада ойындарында Александр Лях, Раднэр Маглюй, Дамир Нұрмағамбетов, Амина Хайролла үздік нәтижелер көрсетті. Олар командаға екі алтын, бір күміс және екі қола әкелді.

Адаптивті тхэквондода Глеб Лукьянов алтын медаль жеңіп алды. Адхад Жардем мен Расул Жұмағұлов тағы екі қола медаль алды.

Адаптивті жүзуде Әділет Сейтжан командаға күміс медаль әкелді.

"Инклюзивті хореография" бағытында облыс намысын "Батыл жүректер" би ұжымы қорғады. Церебралды сал ауруымен, Даун синдромымен, аутизммен және басқа да аурулармен ауыратын он сегіз бала "Үздік классикалық би" номинациясында жеңіске жетті.