Қарағанды облысының әкімдігінде Абай облысында орман өртінде қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты

Қарағанды облысының әкімдігінде Абай облысында орман өртінде қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты

Қазақстанда 12 маусым Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Қарағанды облысының әкімдігінде аппараттық кеңес бір минут үнсіздіктен басталды. Мемлекеттік қызметшілер "Семей орманы" табиғи резерватында өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерін еске алды.

– Абай облысында болған ауқымды өрттердің салдарынан бірнеше адам көз жұмуына байланысты Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 12 маусымды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Облыс әкімдігі атынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Осы қиын күндерде облыстың барлық тұрғындары сіздермен қайғыға ортақтасады, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Өңір басшысы Қарағанды облысында табиғи және орман өрттерінің алдын алуды күшейту қажеттігін атап өтті.

– Ауа-райына байланысты өрт қауіпті жағдай сақталуда. Бір апта ішінде облыс бойынша 300 шақыртуларға шығу жүзеге асырылып, 15 адам құтқарылды. 17 ТЖ тіркелді, оның ішінде бір орман өрті. Орман қорының тұрақты мониторингі бойынша шаралар қабылдау қажет. Өрт қаупі жоғары кезеңде дрондарды қолдану, сондай-ақ өрт ошақтарын ерте анықтаудың цифрлық жүйелерін пайдалану қажет. Орман қорын авиациялық және жердегі патрульдеуді тиісті деңгейде жолға қою үшін қажет нәрсенің бәрін жасау керек, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Фото https://gurk.kz