Қарағандыда "Шапағат" тұрғын үй кешенінде үйлер салынады

Қарағандыда "Шапағат" тұрғын үй кешенінде үйлер салынады

Қарағандыда биыл ұзаққа созылған құрылыстардың бірінің мәселесі шешіледі. "Шапағат" тұрғын үй кешенінде үшінші және төртінші 10 қабатты блок-секциялар пайдалануға беріледі. Қазіргі уақытта мұнда белсенді құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапары барысында тұрғын үй нысандарының құрылыс алаңдарында болып қайтты. 

"Шапағат" тұрғын үй кешенінің аяқталмаған секцияларында сегізінші қабаттың қабырғалары қаланады. Құрылыста 65 жұмысшы жұмыс істейді. Олар техникамен және материалдармен толық қамтамасыз етілген. Нысанды техникалық қадағалау қызметкерлері үнемі бақылап отыр. Құрылыс аяқталғанша үйлердің аумағы абаттандырылады. Тұрғын үйді 90 отбасы жалға алады. Ермағанбет Бөлекпаев мердігерге кестеден қалмауды және жұмыстың сапасын бақылауды тапсырды.

Майқұдықта Чапаев көшесінде әлеуметтік несиелік тұрғын үй салынуда. Бұрынғы мердігермен келісім-шарт бұзылды. Биыл тоғыз қабатты ғимаратты салуға жаңа мердігер кірісті.

– 108 пәтерлік үй. Қазір екінші қабатты көтеру жұмыстары жүріп жатыр. Әдетте айына екі қабат салынады. Құрылыстың аяқталу мерзімі 2024 жылдың бірінші тоқсаны деп жоспарланып отыр, – деді Қарағанды қаласының құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Камалиев.

Ал Белинский көшесіндегі тоғыз қабатты ғимарат 90%-ға аяқталды.

Құрылысшылар ішкі әрлеу жұмыстарын аяқтау барысында.

Тамыз айында абаттандыру басталады. Үйде 72 пәтер бар, тұрғын үй жалға беріледі.

Аймақ басшысына орамішілік жылу желілерінің жобалары таныстырылды.

Биыл 21-ші шағын ауданның № 4 араластыру торабына жалғанатын жылу желілерін қайта құру басталды. Негізгі мақсат – Шахтерский шағын ауданын қосу мүмкіндігін қарастыра отырып, қолданыстағы жылу желілерін кеңейту. Орталықтандырылған жылу 67 екі және үш қабатты үйлерге жеткізіледі. Құбырларды төсеу аяқталуда – 5,3 км-дің 300 метрін ғана төсеу қалады.

Бирюзов көшесінде № 26 араластыру торабы қайта жаңартылуда. Бұл 11 шағын ауданның жылу желілерін жаңартуға, № 102 мектепті орталық жылытуға қосуға және жаңа нысандарды жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.