Илья Ильин: "Менің арманым орындалды – Қарағандыда ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты өтуде"

Илья Ильин: "Менің арманым орындалды – Қарағандыда ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты өтуде"

Қарағандыда ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты басталды. 30 жылда алғаш рет кеншілер астанасы осы олимпиадалық спорт түрінен республикалық біріншілік өткізуде. Еліміздің түкпір-түкпірінен 370 жас спортшы өз шеберлігі мен күшін көрсетеді. Ашылу салтанатына құрметті қонақтар келді, олардың арасында ауыр атлетикадан әлем чемпионы Илья Ильин бар.

- Қарағанды облысы – ауыр атлетикадан чемпиондарды өсіріп, тәрбиелеген ұстахана деуге болады. Сондықтан мен дәл осы жерде, әсіресе балалар арасында Қазақстан біріншілігінің өтуін көптен армандаған едім, - деді Илья Ильин. - Менің арманымды жүзеге асыруға көмектескен және сүйікті Қарағандыда жарыс ұйымдастырғандардың барлығына рахмет. Спортқа құмар көптеген жігіттерді көргеніме өте қуаныштымын.

Он жасар қарағандылық Руслан Гумеров өзінің сүйікті спортшысын көргеніне қуанышты.

- Үш жыл бұрын мені ауыр атлетика бөліміне әжем алып келді. Менің жеке рекордым – 33 кг. Бүгін 22 кг көтердім.  Болашақта чемпион болуды армандаймын, - деп бөлісті жас спортшы.

Ауыр атлетикадан Қарағанды облысы Федерациясының Президенті Святослав Радченконың айтуынша, бұл жарыстар жаңа ауысым дайындау үшін үздік жас спортшыларды анықтайды.

Қарағанды облысынан біріншілікке 45 спортшы қатысады.

Чемпионат 6-12 маусым аралығында ұлдар мен қыздар арасында (2009 ж.т. және одан кіші) Қазбек Нұржанов атындағы жеңіл атлетика манежінде өтеді.